Павлодар облысында қазақстандық теңізшілер туралы естелік кітап шығарылмақ

Павлодар облысында қазақстандық теңізшілер туралы естелік кітап шығарылмақ
Фото: Константин Шелков

Ұлы Отан соғысында шайқасқан қазақстандық әскери- теңіз флотының жауынгерлері туралы жүйеленген деректер жиналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл идея «Майдан жолы» іздестіру-зерттеу жасағына тиесілі. Отряд командирі Александр Шитовтың айтуынша, еріктелірдің жұмысы жастарды Отан қорғаушылардың ерлігін мәңгі есте қалдыруға тартуға бағытталған.

– Біз жинаған Қазақстанда туған әскери қызметшілер туралы деректер Естелік кітабының негізін құрайды. Бұл мәліметтер кез келген адамға өз отбасының тарихын қалпына келтіруге, ата-бабасының жауынгерлік және еңбек ерліктерін білуге көмектеседі. Мұрағаттық деректер бойынша 12 мыңнан астам теңізші – Қазақстан тумасы. Демек, біздің іздестіру-зерттеу жұмысымыз мыңдаған отбасының тарихына қатысты, – деді Александр Шитов.

Жобаны жүзеге асыруға «Майдан жолы» іздеушілері, ИнЕУ жоғары колледжінің студенттері және Павлодар қаласындағы №18 орта мектеп оқушылары атсалысты. Бұған дейін Қазақстанда мұндай кітаптар басылып шықпаған, ал теңізшілер туралы зерттеулер бұрын-соңды жүргізілмеген.

– Теңізде теңізшілерге ескерткіш қойылмайды. Олардың есімін мәңгі есте қалдыру тек құрлықта,  туған жерінде пайда болуы мүмкін. Біздің кітап Отан үшін отқа түскен азаматтардың ерлігіне арналады, – деді отряд командирі.

Қазір еріктілер кітапты басып шығару үшін демеушілерді іздестіруде. Олар мемлекеттік органдар мен бизнестің қолдауына үміт артып отыр.

Айта кетейік, «Майдан жолы» жобасы халықаралық ҮЕҰ күнінде облыста үздік деп танылып, дипломмен марапатталды.