Павлодарда өлкетанушы Эрнест Соколкиннің рухына арналған көрме ашылды
Эрнест Соколкин 40 жылын музей ісіне және Павлодар өңірі – Ертіс маңының тарихын зерттеуге арнады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Көрмені ұйымдастырушы, өлке тарихын ғылыми-зерттеумен қамтамасыз ету бөлімінің жетекшісі Гүлжайнат Әлиеваның айтуынша, Эрнест Соколкин бала кезінен қазына іздеуге әуес болған, карталарды зерттеп, сыныптастарымен бірге қазба жұмыстарын жүргізген, өте көп кітап оқыған. Алғашқы олжасы – көне тиынды ол төртінші сыныпта оқып жүргенде музейге тапсырған.
– Көрмеде тарихи фотосуреттер, құжаттар, отбасы ұсынған жеке заттары, қолжазбалары, сондай-ақ ол туралы түсірілген фильмнің бейнежазбасы қойылған, – деді ол. – Өмірінің өзінде-ақ «Кто есть кто», «Улицы нашего города» атты энциклопедиялар мен Ұлы Отан соғысының батырлары туралы «Памяти поколений», «Знакомьтесь, Павлодар» сияқты анықтамалықтар шығарды. Бұл кітаптар өлке тарихын зерттеушілер үшін айқындаушы еңбекке айналды. Біздің музей Потаниннің есімін иеленеді, ал Эрнест Соколкин Потаниннің өмір жолы өткен қалалардың кітапханаларымен жүйелі түрде хат алмасып, соның арқасында осы жерлес зерттеушіге қатысты ауқымды қор жинақтаған.
Павлодар журналистикасының мэтрі Юрий Поминовтың пікірінше, Эрнест Соколкинсіз Павлодар тарихы ешқашан толық болмайды.
– Ол ұлы жинақтаушы әрі ұлы сақтаушы болды. Көптеген кітаптар шығарып, адамдарға тарихты шынайы әрі адал күйінде қайтарып берді. Павлодар тарихына қатысты кез келген сұрақпен оған жүгінуге болатын, ешқашан ешкімге бас тартпайтын. Күмәнсіз, оны павлодарлық энциклопедист деуге болады, – деп еске алады журналист.
Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Арман Әлиақпаров көрмеге дайындық барысында ел үшін музей ісіне өлшеусіз үлес қосқан бұл бірегей тұлғаның өзінен қалған айтарлықтай зат болмағаны анықталғанын айтты.
Павлодар География үйінің жетекшісі Александр Вервекин Эрнест Соколкиннің тарих, археологиялық олжалар, көне және заманауи сәулет, адамдар, өсімдіктер мен жануарлар туралы кеңінен әңгімелегенін атап өтті.
– Ол білгенінше, мүмкіндігінше бәрін айтып жүрді, ал білгені өте көп еді. Ол өлкетану ғылымына қызмет етудің нағыз үлгісі болып қала береді, мен үшін де солай. Біріншіден, ол ПавГео мүшелері тізімінде қалды. Екіншіден, География үйінің маңызды жобаларының бірі – жыл сайын өтетін жүзбелі өлкетану академиясы, ең алдымен оқушыларға арналған бұл жоба Эрнест Дмитриевичтің рухына арналды. 2017 жылдан бастап ол академияда өзі сабақ жүргізді. Бізде оның дауысы, кітаптары, соның ішінде жарық көрмеген еңбектері сақтаулы. Бірнеше жыл бұрын Павлодар қаласының географиясы бойынша хрестоматия жарық көрді, – деді Александр Вервекин.
Ол өлкетанудың шекарасы жоқ ғылым ретіндегі айрықша маңызын атап өтті. Ал бір адамның есімі тұтас ғылыми бағыттың символына айналса, бұл оның білімінің тереңдігін ғана емес, сонымен қатар оның еңбегі арқылы өмір сүріп, дамуын жалғастырып жатқан шынайы қызметін көрсетеді.
Көрме қаңтар айының соңына дейін жалғасады.