Баянауыл мектебінде Шәкен Аймановтың ескерткіш бюсті ашылды

Баянауыл мектебінде Шәкен Аймановтың ескерткіш бюсті ашылды

Мүсін қоладан құйылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Баянауыл ауданында  Шәкен Аймановтың есімі берілген мектеп-интернатының аумағында қазақ киносының атасының құрметіне ескерткіш бюстінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.  Оған аудан әкімі Ардақ Кісентаев, режиссердің немере інісі және мектеп оқушылары қатысып, мүсінге гүл шоқтарын қойды.

Шарада мектептің түлегі, Баянауыл ауданының құрметті азаматы, «Алтын домбыра» иегері, айтыскер ақын Аспанбек Шұғатаев арнау оқыды. Шақырылған қонақтар дарын иесіне арналған мектеп музейін аралап, тамашалады.

Қазақтың тұңғыш кинорежиссерінің мерейтойына орай қоладан жасалған мүсінді туыстары сыйға тартқан. Мүсінді қаржыландырушы – «Едіге Шоң» ЖШС. Оның биіктігі – 3,25 метр. Тұғыртасы бүтін гранит тастан жасалған. Авторы – Асқар Нартов.

Айта кетейік, 2024 жылы қазақтың біртуар азаматы, КСРО Халық әртісі, актер, режиссер, қазақ киносы мен театр өнерінің жарық жұлдызы, дархан дарын Шәкен Аймановтың туғанына 110 жыл толады.