Павлодар облысында өлі табылған сәбиге қатысты тың ақпараттар айтылды

Павлодар облысында өлі табылған сәбиге қатысты тың ақпараттар айтылды
Фото: ашық дереккөзден

Мәселен, 8 айлық баланың салмағы жасына сәйкес келмейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді. 

Жедел жәрдем станциясына 17 қазан күні қоңырау келіп түсті. Онда сәбидің көгеріп, тыныс алмай жатқаны және денесінің суық екені айтылған. Дәрігер келген кезде биологиялық өлім анықталды, - делінген хабарламада.

Бала сот-медициналық сараптамаға жеткізіліп, онда аутопсия жүргізілді. Атап өтерлігі, шетінеген баланың жасына салмақ сәйкес келмейді. Өлімнің түпкілікті себебі гистологиялық зерттеу нәтижелерін алғаннан кейін белгілі болады.

Бүгінгі таңда денсаулық сақтау басқармасы осы өлімге байланысты талдау жүргізуде.

- 2023 жылы наурыз айында дүниеге келген бала  4-5 айына дейін тіркелген жері бойынша яғни Павлодар қаласының №3 емханасында бақылауда болған. Невропатолог пен хирургтың тексеру жазбаларында баланың денсаулығы жақсы екені жазылған, - дейді ақ желеңділер.

Денсаулық сақтау басқармасындағылар медициналық ұйымдар бір жасқа дейінгі балаларды жоспарлы тексеріп-қарауды, сондай-ақ жаңа туған нәрестелерді туған кезінен бастап 28 күнге дейін үйде патронаждауды жүргізетінін айтады. 

Сонымен қатар, денсаулық сақтау басқармасы аналарды жоспарлы тексерулерден өткізуге шақырады.

Еске сала кетейік, Екібастұз қаласының Шідерті кентіндегі пәтерлердің бірінен 8 айлық баланың зорлық белгілері жоқ мәйіті табылды. Бұл факт туралы полицияға анасы хабарлады.