Екібастұзда екі балықшы суға батып кетті
Суға кеткен адамдардың денелері полицияға тапсырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы жедел құтқару жасағының мәліметінше, 12 сәуірде сағат 17:15-те Екібастұз қаласының 112 пультіне Қ.Сәтбаев атындағы арнаның тоғызыншы сорғы станциясында 1953 және 1950 жылы туған екі балықшы мұз астына түсіп кеткені туралы хабарлама түскен.
– Оқиға орнына төрт сүңгуір-құтқарушыдан тұратын Екібастұз қаласы құтқару бөлімшесінің кезекші ауысымы аттанды. Құтқарушылар сағат 19.30-да сүңгуір құралдарын пайдалана отырып, жағалаудан 40 метр қашықтықта екі балықшының біреуінің денесін шығарды. Сағат 19:52-де жағалаудан 70 метр қашықтықта екіншісінің денесі шығарылды, – деп жазылған хабарламада.
Құтқарушылар балықшылардан судағы қауіпсіздік шараларын сақтауды сұрайды және мұздың үстіне шықпауға кеңес береді.