Павлодар облысының мектептеріне америкалық үлгідегі жаңа автобустар берілді
Президенттің тапсырмасы бойынша облыстағы қала және ауыл мектептері материалдық-техникалық базаны жаңарту жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жаңа автобустар қауіпсіздік белдіктерімен, сөмкелерге арналған сөрелермен, бейнекамералармен жабдықталған. Кем дегенде екі ересек адамды көтере алатын, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған көтергіштер бар.
Облыс әкімі Асайын Байханов көліктің есігі ашық тұрған кезде қозғалыс бұғатталатынына көз жеткізді. Дыбыстық хабарлама мемлекеттік және орыс тілінде қойылады.
Сары түс мектеп оқушыларының қауіпсіздігін де қамтамасыз етпек. Себебі, жолда мұндай көліктерді байқау оңайырақ болады.
– Мереке қарсаңында алынған жаңа автобустардың арқасында ауыл мектептерінің оқушылары мен жастар спорттық, облыстық барлық мәдени іс-шараларға қатысуға мүмкіндік алады. Өскелең ұрпақ – еліміздің жарқын болашағы. Сондықтан да балаларымыздың қауіпсіздігі және олардың сапалы білім алуы біздің басты назарымызда, – дейді облыс әкімі Асайын Байханов.
Автобустар қуатты 3,5 литр дизельдік қозғалтқышпен жабдықталған, ішінде алты радиатор бар. Қыста салонда жылы болады.
– Керемет автобустар, енді бұл көліктерді мұқият пайдалану керек, – деді аймақ басшысы.
Жаңа автобустар Павлодар, Баянауыл, Успен, Май, Ақтоғай, Тереңкөл аудандары, Ақсу және Екібастұз қалаларының ауылдық жерлеріндегі мектептерге табысталатын болады.