Павлодарлық кәсіпкер ұлттық мұраны жаңа форматта ұсынып, сән индустриясын дамытуда
Табиғи материал мен ұлттық дизайн үйлесімі жаңа бағыт қалыптастыруда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласында жұмыс істейтін HANYM ATELIER – қазақ халқының бай мәдени мұрасын заманауи сән үрдістерімен үйлестіріп дамып келе жатқан авторлық этно-ателье. Брендтің негізін қалаушы Айзат Байтенова ұлттық нақышты күнделікті өмірге енгізуді мақсат етіп отыр.
Кәсіпкер 2018 жылы сұлулық салонын ашқан. Сол кезде ол мемлекеттік қолдау бағдарламасы арқылы қаржыландыруға ие болып, бизнесін дамытуға мүмкіндік алды. Уақыт өте келе команда кеңейіп, жаңа бағыттарды игеру қажеттілігі туындады.
Алайда карантин кезеңі кәсіпке үлкен өзгеріс әкелді. Сұлулық салондарының жұмысы тоқтаған кезде Айзат Байтенова үй жағдайында тігін ісін бастап, тігіншілерді жинап, алғашында матадан көпреттік маскалар тігуді қолға алған. Бұл қадам кейін толыққанды жаңа өндірістің бастамасына айналды.
Осылайша, «барлық жұмыртқаны бір себетке салмау керек» деген қағиданы ұстана отырып, кәсіпкер екінші бағыт – этно-ательені дамытты. Бүгінде HANYM ATELIER ұлттық нақыштағы ерекше киімдер мен аксессуарлар тігумен айналысады.

Брендтің басты ерекшелігі – ұлттық элементтерді заманауи үлгіде ұсыну. Мұнда табиғи матадан тігілген балалар киімдері, ою-өрнекпен безендірілген сәнді мектеп формалары, сондай-ақ табиғи киізден жасалған этно-сөмкелер шығарылады. Әсіресе муслин матасынан тігілген, «құс қанаты» өрнегі бар балалар көйлектері сұранысқа ие.
– Әрбір ою-өрнектің өзіндік мәні бар. Сондықтан біз өрнектерді таңдауға ерекше мән береміз. Себебі кейбір оюлар белгілі бір тарихи немесе тұрмыстық жағдайларға байланысты қолданылған, ал оларды орынсыз пайдалану дұрыс емес. Бұл – ата-баба мұрасына деген құрметтің белгісі, – дейді кәсіпкер.
Қазіргі таңда бренд өнімдері тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де сұранысқа ие. Чикаго, Канада, Мекке қалаларынан тапсырыстар түсіп, ұлттық стильдегі бұйымдар кәдесый ретінде де ұсынылуда.

Сонымен қатар, ателье киізді өңдеу бағытын да дамытып жатыр. Бүгінгі таңда киізден сөмкелер мен ойыншықтар жасалады. Бұл өнімдерді өндіру үшін қажетті шикізат жергілікті фермерлерден алынады, ал табиғи түстер толық сақталады. Бұл өз кезегінде өнімнің экологиялық тазалығын қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік қолдау бағдарламасы арқылы қаржыландырылған жоба аясында жақын уақытта арнайы жабдықтар жеткізіледі, бұл өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
– Ательеде тәжірибелі мамандар мен қолөнершілер еңбек етеді. Олардың қатарында көп жылдық тәжірибесі бар пішушілер де, шеберлер де бар. Тіпті жасы 70-тен асқан қолөнер иелері ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға өз үлесін қосып, жастарға білгенін үйретуде, – дейді Айзат Байтенова.
HANYM ATELIER көне кітаптар мен мұрағаттарды зерттеп, қазақтың дәстүрлі киім үлгілерін қайта жаңғыртуға ерекше көңіл бөледі. Отбасында сақталған ондаған жылдық тарихы бар ескі пішімдер де қазіргі өнімдерде қолданылып келеді.
Бүгінде бренд ұлттық стильді тек мерекелік емес, күнделікті киім мәдениетінің бір бөлігіне айналдыруды көздейді.