Павлодар облысында 15 кәсіпорын өздеріне дейін темір жол тарта алады

Павлодар облысында 15 кәсіпорын өздеріне дейін темір жол тарта алады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бүгін облыс әкімдігінде «Павлодар» АЭА инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым мәселелері қаралды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Арнайы экономикалық аймақ жобаларының инвестициялық портфелінде 507 миллиард теңгеге 36 жоба бар. АЭА инфрақұрылымының аяқталуы 65,7% құрайды.

– Аяқталу сатысында су бұру желілері мен кәріз-тазарту құрылыстары тұр. Су бұру желілеріндегі құрылыс-монтаждау жұмыстары 70%-ға, кәріз-тазарту құрылыстары 85%-ға аяқталды. Кәріз-тазарту құрылыстарын іске қосу-реттеу жұмыстары 2025 жылға жоспарланған.  АЭА инфрақұрылымын 100% аяқтау үшін 3 нысанның құрылысы қажет: теміржолдың екінші кезегі, қуаты 40 МВт болатын қосалқы станцияның құрылысы және ұзындығы бес шақырым автожол салу, – деді облыс әкімінің баспасөз қызметінде.

Солтүстік техникалық дәліз бойынша өтетін автожол жобасы сараптамадан өтуде. Құрылыстың болжамды құны шамамен 900 миллион теңгені құрайды.

Бүгінгі таңда АЭА аумағында ақауларға, сондай-ақ, «ҚТЖ» АҚ тарапынан техникалық паспорттың және дайындық актісінің болмауына байланысты 2019 жылдан бері жұмыс істемейтін «Каустик» АҚ-ның меншікті темір жолдары бар. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша аталмыш нысанды қалпына келтіру жұмыстары 2023 жылдың желтоқсанында басталған болатын. Бүгінгі таңда 1 кезекті қалпына келтіру 100% аяқталды. ҚТЖ комиссиясы нысанға екі рет барып, барлық анықталған ақаулар мен ескертулер жойылды.

Нәтижесінде АЭА аумағында орналасқан 15 кәсіпорын өздеріне дейін темір жол тарту мүмкіндігіне ие болады. Жүк айналымы жылына шамамен 300 мың тоннаны құрайды.

Сонымен қатар, теміржолдың 2-ші кезегінің және басқа да бірқатар стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық нысандардың құрылыстары әлі басталған жоқ.

Өңір басшысы бұл жұмыстарды кешіктіруге жол берілмейтінін атап өтіп, құрылыс басқармасына 2025 жылдың 1 ақпанына дейінгі мерзімде автожол салу бойынша салалық министрлікке, сондай-ақ, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін облыстың экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына теміржолдың 2 кезегі үшін ЖСҚ әзірлеуге және электр қосалқы станциясын салуға бюджеттік өтінім жіберуді тапсырды.