Павлодар облысында өлексені өртеу әдісі қолданылмақ
Өңірде өлген жануарларды жоюдың заманауи тәсілі қолға алынуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Павлодар облысы ветеринария басқармасы басшысының м.а. Асылтас Тілеубаев өңірде мал өлекселерін көму, жою бойынша жағдай қалай болып жатқаны жайлы айтты.
Оның айтуынша, облыста 239 мал қорымы бар, оның ішінде үлгілік – 33, қарапайым – 206, оларға кадастрлық нөмірлер берілді және МЖК ААЖ жүйесіне енгізілді.
Үлгілік 33 мал қорымына жыл сайын мемлекеттен 17-18 млн теңге бөлініп тұрады. Сондай-ақ өлекселерді өртейтін 22 инсинератор бар, оның ішінде стационарлық – 20, жылжымалы – 2.
– Тағы 5 инсинератор сатып алып жатырмыз. Олар Ақсу ауылдық аймағындағы Қалқаман ауылына, Май ауданындағы Малайсары ауылына, Баянауыл ауылына, Железин ауданындағы Жаңажұлдыз ауылына, Павлодар ауданындағы Набережная ауылына беріледі, – деді Асылтас Тілеубаев.
Аталған мал қорымдарына қауіпсіз аурулармен өлген, инфекция таралмайтын жануарлар көміледі. Уақыт өте ауру таралмас үшін жыл сайын залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі.
Асылтас Тілеубаев алдағы су тасқыны кезеңінде қауіпті аурулармен өлген жануарларды көмген орындар сумен шайылып, инфекциялар таралмай ма деген сауалға жауап берді.
Өңірде 2015 жылдан бастап қарасан (сібір кеселі) бойынша жануарлар көмілген жерлердің бәрі анықталып, 327 орын шыққан.
– Оның ішінде Кеңес кезінен келе жатқан орындар бар. Бәрін тауып, қоршадық. «Сібір кеселі бар» деген тақтайшалар ілдік. Жыл сайын мониторинг жасаймыз. Тақтайшалар, қоршаулар құлаған жағдайда оған ағымдағы жөндеу жүргіземіз. Су тасқыны кезінде келетін қауіптерді де анықтап, алдын аламыз. Сондай-ақ ол жерде сібір кеселі топырақтың бетіне көтерілуі мүмкін. Бұл инфекция топырақта 100 жылға дейін сақталады. Сондықтан жыл сайын СЭС анализ жасап тұрады. Залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі, – деді Асылтас Тілеубаев.
Спикердің айтуынша, қазіргі уақытта қауіпті аурулармен өлген жануарлар көмілмейді. Олардың өлекселері инсинератормен өртеледі.
– Жалпы, қазір заманауи үлгіге көшудеміз. Уақыт өте қорымдарды инсенираторларға алмастырамыз. Өртегеннен кейін күлі полигондарға төгіледі. Өйткені қорым болған жерді ешқашан пайдалана алмаймыз. Жер жарамсыз болып қалады. 206 қорымның барлығында инсенираторлар болуын қалаймыз, – деді Асылтас Тілеубаев.
Айта кетейік, Павлодар облысында соңғы рет мал қорымы 2019 жылы салынған.