Павлодар облысының жолдары бірнеше деңгейлі сапа бақылауынан өткізілді
Биылғы жылға арналған жол жөндеу жұмыстары толық аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде 120 жоба іске асырылып, жергілікті маңызы бар жолдар мен елді мекен көшелерінің 445 шақырымы жөнделді. Облыстық маңызы бар жолдар бойынша тоғыз жоба жүзеге асырылып, 93 шақырым жолда орташа жөндеу жұмыстары жасалды.
– Ақтоғай-Шолақсор жолының соңғы 30 шақырымы қиыршық тасты-мастикалық асфальт-бетонға ауыстырылды. Жалпы жол ұзындығы 164 киллометр. Сонымен қатар, Майқайың-Екібастұз бағытында екі жылдық жоба басталып, оны 2026 жылы аяқтау жоспарлануда, – деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нариман Омар.
Аудандық жолдар бойынша 32 жоба іске асырылып, жалпы 151 киллометр жол жөнделді. Аяқталған маңызды учаскелер – Амангелді ауылына кіреберіс жол және Железин–Веселая Роща–Мыңкөл автожолының соңғы 15 шақырымы асфальтпен жабылды.
Нариман Омардың сөзінше, барлық нысандарда төрт деңгейлі сапа бақылауы жүргізілді: басқарма мамандары, ТҮКШ бөлімдері және техникалық қадағалау, сондай-ақ ұлттық жол активтері сапасы орталығы тексерістерінен өтті.
– 2025 жылға жоспарланған барлық жол жөндеу жұмыстары толық көлемде аяқталды. Бақылау әр кезеңде жүргізілді, жолдардың сапасы нормативтік талаптарға сәйкес келеді, – деді ол.
Мамандар облыс әкімінің тапсырмасы бойынша өңірдің перспективалы ауылдарына баратын барлық жолдарды жөндеуді жоспарлап отыр. 2022-2024 жылдары ұзындығы 185 шақырымды құрайтын 61 жол жөнделді. Биыл ұзындығы 113 шақырымды құрайтын 31 жол ретке келтірілді, енді 31 шақырым ғана қалды. Оларды 2026 жылы жөндеуді жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, облыстың 200 шақырымдық көшелерін жөндеуден өткізді. Жыл қорытындысы бойынша, жергілікті маңызы бар жолдардың 96 пайызы нормативтік жағдайда екені расталды.