Ақсудағы екі шағын ауданның жолдарына қазан айына дейін толықтай асфальт төселеді

Ақсудағы екі шағын ауданның жолдарына қазан айына дейін толықтай асфальт төселеді

Бүгінгі күні 19 көшенің, 14-не асфальт төселген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аймақ басшысы Асайын Байханов Ақсу қаласына барған жұмыс сапарында 14, 15 шағын аудандарында автокөлік жолдарын қайта жаңарту жұмыстарын тексерді. 

«Гордорстрой» ЖШС мердігерлік ұйымы қолға алған қайта жаңарту жұмыстарына 3 миллиард теңге қаражат бөлінген.  Барлығы 15,5 шақырым жолды жөндеу жоспарлануда.

Шағын ауданда 19 көше бар. Оның 14 көшесінде жұмыстар аяқталды. 

– Байтұрсынов, Алтынсарин, Мұңайтпасов, Бекмаханов, Бөкейханов және Тәуелсіздік көшелері екі жағынан аяқталды, Тәукен Кенжетаев көшелері жартылай аяқталды, қазір жұмысты жалғастырудамыз. Енді бес көше қалды. Қазан айында барлық жұмыстарды аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді  «Гордорстрой» мердігерлік ұйымының директоры Игорь Моисеев.

Осылайша, бұл аймақ 100 пайыз асфальтталмақ. Сондай-ақ, әр көшеде тротуарлар жасалса, Оспанов көшесінде веложол салынады. 

– Осы аудандағы үйлердің жанында биік бордюрлар тұрғандықтан, кіру қиын болғанына байланысты адамдардан шағымдар келіп түсті. Бұл мәселені шешу керек. Осы мәселені шешуге және жол жөндеу жұмыстарын ылғалды ауа-райына, салқын мезгілге қалдырмауды тапсырамын, – деді Асайын Байханов. 

Айта кетейік, шағын ауданда 200-ден астам учаске бар. Қазірдің өзінде 100-ден астам үй салынған.