Павлодар облысының құтқарушылары волейбол ойнап жарысты
Аталмыш додаға 15 команда қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өзара жарысып, волейбол ойнады. Жарыс Павлодар қаласының №29 орта мектебінде өткізілді. Сайысқа Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларының құтқарушылары мен аудандық бөлімдердің қызметкерлерін қамтыған 15 команда қатысты.
Шараны облыстық төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары, кадр және тәрбие жұмысы басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Ренат Валишанов ашты.
– Жарысқа қатысушы командаларға жарқын ойын және үздік нәтижелер тілеймін, – деді Ренат Валишанов.
Жарыс қорытындысы бойынша Екібастұз қаласын күзету бойынша № 2 өрт сөндіру бөлімі бірінші орынды иеленсе, екінші орын Ертіс ауданын қорғау бойынша № 9 өрт сөндіру бөліміне бұйырды. Павлодар қаласын күзету бойынша №3 бөлім үшінші орынға ие болды.
Командалар Құрмет грамоталарымен марапатталып, ауыспалы кубокке ие болды.