Павлодарлық волейболшылар жанкүйерлерін жерге қаратты
Ерлер арасындағы Ұлттық лига командаларына арналған ел біріншілігінің ақтық матчтары облыс орталығында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шешуші кездесулер сериясында Игорь Никольченко шәкірттері «Таразбен» ойнады. Бірінші матчта «Павлодар» 3:0 есебімен қарсыласын ойсырата ұтты. Алайда кейінгі екі ойын алаң қожайындары үшін сәтсіз болып шықты.
Екінші кездесудегі жеңілістен соң үшінші кездесу шешуші маңызға ие болды. Ойынның бірінші партиясында павлодарлықтар жеңісті 30:28 есебімен тартып алды. Чемпионаттағы жеңіске екі-ақ қадам жасау қалған еді.
Екінші сетте оңтүстіктің жігіттері ойын барысын өз пайдасына шеше білді. Соңғы екі партияда «Тараз» жергілікті жанкүйерлер көзінше алаң қожайындарының тас-талқанын шығарды – 25:14, 25:15. Осылайша, чемпиондық атақ жамбылдықтарға бұйырды.
Ойыннан кейін «Павлодар» ойыншысы Никита Козлов әріптестеріне жарқын маусымда бар күшін сала ойнағандары үшін алғыс айтты. Ол жанкүйерлер алдында кешірім сұрап, алдағы маусымда Азияның клубтық чемпионатында Қазақстан намысын қорғауға уәде берді.
- Шамамен төртінші партия басында қарсыласқа мүмкіндік беріп қойдық та, «Тараз» артынша бізге дес бермеді. Олар, сөз жоқ, басым болды. Бүгін барын саламыз, тырысып ойнаймыз деп шықтық, алайда бәрі басқаша болып шықты. Не істеуге болады, бұл – спорт. Жеңілгенде де дұрыс жеңіле білу керек, - деді Никита Козлов.
Чемпионат плей-офф кезеңінің финалындағы ұтылысқа қарамай, «Павлодардың» биылғы аяқалысын сәтті деп есептеуге толық негіз бар. Команда ел Кубогі мен Суперкубогін ұтып алып, клубтық Азия чемпионатына жолдама алды.