Павлодарлық волейболшылар Қазақстанды құрлықтық рейтингте өсірді
![Павлодарлық волейболшылар Қазақстанды құрлықтық рейтингте өсірді](https://pavlodarnews.kz/uploads/images/202412/image_750x_6764f4028e06b.jpg)
Облыста 25 мыңнан астам адам волейбол ойнайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Күні бұрын Халықаралық волейбол күні өтті. Осы оқиғаға байланысты агенттік бұл спорт түрінің өңіріміздегі күнделікті тыныс-тіршілігін білуді жөн көрді. Сұрақтарымызға «Pavlodar» волейбол клубының директоры Виктор Мамашев жауап берді.
– Айта кетерлігі, бүгінде облыста 753 волейбол секциялары жұмыс істейді, оған 25 мыңнан астам адам тұрақты түрде қатысады. Бұл 2,5 мыңнан астам адам контингенті бар жасөспірімдер спорт мектебі мен олимпиадалық резерв спорт мектебінің филиалдары, мыңнан астам адамға ақылы негізде адамға қызмет көрсететін жеке меншік клубтары мен волейбол секциялары тағы бар. Жалпы білім беретін мектептерде 381 волейбол секциясының жұмысы ұйымдастырылып, барлығы жеті мыңға жуық адам жұмылдырылды, олармен 359 жаттықтырушы мен мұғалім жұмыс істейді, - дейді Виктор Мамашев.
Сондай-ақ 2012 жылдан бері облыстық федерация білім басқармасымен бірлесіп «Мектеп волейбол лигасы» жобасын ұйымдастырды. Жыл сайын мектеп ойындарына 5-6 және 7-8 сыныптардағы 14 мыңға жуық волейболшы қатысады, бұл спорт мектебінің жаттықтырушыларына балаларды сапалы іріктеуге мүмкіндік береді. Бұл ойыншылар кейіннен шеберлер командаларына тартылады.
– Облыста екі кәсіпқой волейбол клубы бар: әйелдердің «Ertis» және ерлердің «Pavlodar» командасы. Олардың әрқайсысының құрылымында фарм-клуб бар. Кадрларды толықтыру үшін болашағынан үміт күттіретін жастарды іріктеу жүргізілуде. Жыл сайын фарм-клубтарының құрамы облыстағы спорт мектептерінің үш-төрт түлектерімен толығуда. Бүгінгі таңда командалар құрамында Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалаларынан, сондай-ақ облыстың Баянауыл, Аққулы, Павлодар, Шарбақты, Железин аудандарынан келген ұлдар мен қыздар бар, - дейді спикер.
Соңғы жылдары 103 спорт шеберлігіне үміткер, 30 шебер және екі халықаралық дәрежедегі спорт шебері дайындалды. Виктор Мамашев Ұлттық лигадағы ұлттық чемпионатқа қатысатын барлық клубтардың ішінде біздің командалардың 70 пайыздан астамы өз ойыншыларымен қамтылған жалғыз команда екенін атап өтті.
Бұған Ұлттық лига ойындарының Павлодарда өтуі де ықпал етуде. Жастар еліміздің үздік волейболшылары арасындағы жекпе-жекті өз көздерімен тамашалауға мүмкіндік алды.
- Жылдан-жылға Павлодарда Ұлттық лига турларының көптеп өткізілуі волейболды насихаттауға және танымал етуге үлкен серпін берді, - дейді павлодарлық директор Виктор Мамашев. – Өткен кезеңде біз көркемөнерпаздар ұжымдары арасындағы жұмысты жақсартып, Павлодар облысының біріншілігін қайта жалғастырып, қатысушылар санын сегіз командадан 20 командаға дейін арттырдық. Біз есте қаларлық даталар мен мерекелерге арналған турнирлерді ұйымдастыру және өткізу бойынша жұмысты күшейттік.
Жыл сайын Қазақстан құрамаларының командалары Павлодар облысының өкілдерімен толығып келеді. Бүгінгі таңда негізгі құрамаға жеті спортшы, жастар құрамасына сегіз спортшы іріктелді.
Облыс жастар құрамасы соңғы төрт жылда үш жас тобы бойынша өткен республикалық чемпионаттарда бірнеше рет жеңімпаз атанып, жүлдегерлері болды.
Кәсіпқойларға келетін болсақ, ерлер құрамасы еліміздің бірнеше дүркін чемпионы, Ұлттық лиганың күміс жүлдегері, Кубок иегері, Қазақстан Суперкубогының иегері. Өткен жылы клубтар арасындағы Азия чемпионатында Павлодар төртінші орын алды, бұл Қазақстанға Азия елдері арасында рейтингте үшінші орынға көтерілуге мүмкіндік берді.
Павлодар облысының волейбол ардагерлер клубын насихаттау жұмыстары жүргізілуде. Ол 1992 жылы құрылған. Оның өз Жарғысы, Әнұраны бар және 30 жылдан астам павлодар волейболының дәстүрлерін қолдап келеді. Солардың үлгісімен облыста волейбол жанкүйерлеріне арналған бес үйірме тіркелген.
Облыстық федерацияның төрешілерді дайындаудағы жұмысын да атап өткен жөн. Павлодарлық төрешілер алқасының құрамында Қазақстан волейбол федерациясының қамқорлығымен республикалық және халықаралық жарыстарды өткізуге сертификатталған 67 төреші бар.