Павлодар облысының әкімі өңірдің кәсіпкерлік әлеуетін атап өтті
Бизнес-қоғамдастықтың өзекті мәселелерін талқылауға «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Райымбек Баталов қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінгі таңда өңірде 140 мыңнан астам адам шағын және орта бизнес саласында және тағы 80 мың адам өнеркәсіп саласында еңбек етуде.
– «Бизнес-несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау» бағдарламасы бойынша соңғы үш жылда қаржыландыру көлемі 2,5 есе – 12 миллиард теңгеге өсті. Жас кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру көлемі 820 миллион теңгеге жетті. Тек бір жылдың ішінде шағын және орта бизнес өнімдерінің өндірісі 173 миллиард теңгеге ұлғайды, – деп атап өтті Асайын Байханов.
Өңірде инвестициялық штаб белсенді жұмыс істейді. Негізгі инвестициялық жобалар пулында 10 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 2,1 триллион теңгеге 91 жоба бар.
Сонымен қатар, өңір басшысы бизнестің «түйінді» мәселелеріне назар аударды.
– Павлодар облысы шекараға жақын орналасқан өңір болып табылғандықтан, біз импорттық өнімдердің отандық тауарларды нарықтан ығыстырмауына ерекше көңіл бөлуіміз керек. Қазір Ресей Федерациясынан арзан сүт өнімдерін жеткізудің күрт өсуіне байланысты жергілікті сүт өндірушілердің өнімдерін сатуда қиындықтар туындады. Бұл жергілікті мәселе емес және барлық дерлік шекаралас аймақтарға әсерін тигізеді. Мәселе кешенді шешімдерді, соның ішінде Үкіметпен бірқатар негізгі аспектілерді пысықтауды талап етеді және біз қазір осымен белсенді айналысудамыз, – деді облыс әкімі.
Райымбек Баталов жоғары әлеуметтік жауапкершілікті, салықтық тазалықты, экологиялық талаптарды сақтауды ұстанатын кәсіпкерлердің жаңа толқынының пайда болуы үшін қолайлы бизнес-климат құру мәселелері бойынша баяндама жасады.
– Біз үшін түйінді мәселелерді өздеріңізден естіп, ұсыныстар жинау маңызды. Бүгінгі таңда ең бастысы – шағын және микробизнесті тыңдап, қолдау көрсету, – деді Райымбек Баталов.
Кездесуде кәсіпкерлер микро және шағын бизнес өкілдерінің құзыреттерін дамытуға, әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға, логистикаға, инфрақұрылымды дамытуға қатысты мәселелерді көтерді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінде айтылғандай, көтерілген мәселелер «Атамекен» ҰКП сарапшылары мен Павлодар облысының әкімдігі тарапынан жұмысқа алынды.