Павлодарда тауықтың сирағын сиыр етімен тең бағада сатқан

Павлодарда тауықтың сирағын сиыр етімен тең бағада сатқан
Фото: pixabay.com

Тауар бағасына жоспардан тыс тексеру жүргізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық cауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне супермаркеттердің бірінде 2024 жылдың желтоқсан айында тұтынушыдан  қаладағы супермаркеттердің бірінде дүкен сөрелерінен бройлер тауық етінің сирағы 2710 теңге, тауықтың жамбас еті 1850 теңге тұратынын көргенін жазған  шағым түскен. Оның пікірінше, бройлер тауық еті мен тауық жамбасының бағасы облыстағы сиыр етінің бағасымен тең болған.

Басқарма аталған өтініш негізінде супермаркетте тауарларға тауарлық бағадан асып кету мәселесі бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізді.

Супермаркет жеткізушіден бройлер тауық еті жамбасының келісін 1567 теңге бағамен сатып алып, бағаны 1850 теңгеге белгілеген. Осылайша сауда үстемесі сатып алу бағасының 18% құрады, рұқсат етілген сауда үстемесі 48 теңгені құрайды. Бройлер тауық еті сирағының келісін 2293 теңгеге алып, 2710  теңге белгілеген. Үстеме баға сатып алу бағасының 18,2%-ын құрады, рұқсат етілген сауда үстемесінің асып кетуі 73 теңге, – дейді департаментте.

Осылайша, ЖШС максималды сауда ставкасынан асып түскен, өйткені бройлердің жамбас және бройлер сирақтары үшін сауда үстемесінің пайызы сатып алу бағасының 15%-дан астамын құрады.

Супермаркетке жоспардан тыс тексеру қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексі бойынша әкімшілік жаза қолдану туралы әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Сонымен қатар, департамент тарапынан заң бұзушылықты жою туралы ұйғарым шығарылды.

Тұтынушы осыған ұқсас жағдайға тап болған жағдайда құқықтарын қалпына келтіру үшін Павлодар қаласы, Генерал Дүйсенов көшесі, 9 мекенжайы бойынша Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне немесе E-otinish.gov.kz, E-tutynushy.kz бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы немесе (сенім телефоны) (7151820) телефоны арқылы хабарласа алады.