Павлодар және Омбы облыстары ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтерді

Павлодар және Омбы облыстары ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтерді
Фото: Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Құжат инвестиция, сауда, агроөнеркәсіп, білім, мәдениет және туризм сияқты 10 бағыттағы әріптестікті қамтиды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында өткен Қазақстан мен Ресейдің XXI өңіраралық ынтымақтастық форумында Павлодар облысы әкімдігі мен Ресей Федерациясының Омбы облысы үкіметі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Құжатқа Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов пен Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко қол қойды.

Келісім сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, әлеуметтік-гуманитарлық және мәдени салалардағы халықаралық және сыртқы экономикалық байланыстарды дамытуға бағытталған.

– Меморандум өзара іс-қимылдың 10 негізгі бағытын қамтиды. Оның ішінде инвестициялар мен сауда, агроөнеркәсіп кешені, қоршаған ортаны қорғау, денсаулық сақтау, білім мен ғылым, мәдениет пен өнер, туризм, спорт, жастар саясаты және халықты жұмыспен қамту мәселелері бар, – делінген облыс әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Ведомствоның хабарлауынша, кездесу барысында тараптар ынтымақтастықтың келешегін және 2026–2028 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарын дайындау мәселесін талқылады. Бұл жоспар қол жеткізілген уағдаластықтарды нақтылап, өңірлер арасындағы әріптестікті нығайтуға мүмкіндік береді.

– Павлодар мен Омбы облыстарын көпжылдық экономикалық және мәдени байланыстар, сондай-ақ трансшекаралық Ертіс өзені байланыстырады. Біздің өңірлер Ресей мен Орталық Азия елдері арасындағы маңызды көлік дәлізінде орналасқан. Сондықтан шекара маңындағы өңіраралық ынтымақтастық қатынастардың жаңа үлгілерін қалыптастырудың негізіне айналуда, – деді облыс әкімі Асайын Байханов.

Сондай-ақ өңір басшысы Павлодар облысының арнайы экономикалық аймағының қолайлы инвестициялық ахуалы мен ұсынылатын преференциялары туралы айтып, ресейлік инвесторлармен бірлескен жобаларды іске асыруға өңірдің дайын екенін атап өтті.

Павлодар облысының делегациясы форумның пленарлық отырысы мен панельдік сессияларына, сондай-ақ Қазақстан колледждері мен кәсіпорындарының әріптестік көрмесіне қатысты. Онда өңірдің білім беру және кадр даярлау саласындағы әлеуеті таныстырылды.

Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумы екі елдің өңірлері арасындағы экономикалық, мәдени және гуманитарлық байланыстарды нығайтуға арналған маңызды алаңдардың бірі болып табылады.