Министр: Павлодар әуежайының ұшу аймағын жаңарту рейстерге кері әсер етпейді
Бұл туралы ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев облыс тұрғындарымен кездесуде мәлім етті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Тұрғындар сәуір-наурыз айларында әуежайдың ұшу-қону аймағының қызметі тоқтап қалмай ма екені жайлы сұрады.
– Жоспар бойынша сәуірде жұмысты бастап, желтоқсанда аяқтау көзделген. Біздің ведомстволық бағынысты ұйым бар – авиациялық әкімшілік. Олар сертификат беруі үшін жұмыс істеп жатырмыз. Егер оны алған жағдайда бір уақытта жұмыс атқаруға болады, яғни жолақты жөндеу кезінде Алматы мен Астанаға рейстер тоқтап қалмайды, – деді Марат Қарабаев.
Министрдің сөзінше, ұшу-қону жолағын қайта құру қолданыстағы рейстердің жүйелілігіне әсер етпейді. Ал ол үшін сертификаттау рәсімін аяқтау қажет.
– Мұндай қайта құру жұмыстары алғаш рет жүргізіліп отырған жоқ. Семей мен Қостанай қалаларында да өткізілген, – деп атап өтті ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Сәрсен Жарылғасов.
Еске сала кетейік, Павлодар қаласы әуежайының жасанды ұшу-қону жолағын реконструкциялау бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы берілді. Әуежай кешенін жалпы қайта жаңарту көзделіп отыр. Яғни, алаңдарды халықаралық стандарттар нормаларына сәйкестендіріп, өткізу қабілетін сағатына 200-ден 400 жолаушыға дейін арттыру жоспарланған. Бұған қоса, нысанның қасына қосымша ғимарат салу қарастырылып отыр. Құрылыс монтаждау жұмыстарының құны 16,9 миллиард теңгені құрайды.