Тереңкөл ауданында егін жинау науқаны қарқынды жүріп жатыр

Тереңкөл ауданында егін жинау науқаны қарқынды жүріп жатыр
Фото: Аяужан Жетес

Биыл егін жинау науқаны жоспарға сай жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аудан бойынша биыл 318 мың гектар алқаптан өнім жиналуы тиіс. Бұл өткен жылмен салыстырғанда мың гектарға артық. Аудан әкімі Азамат Маңғытовтың айтуынша, жалпы егіс алқабының 143 мың гектарын дәнді дақылдар, 151 мың гектарын майлы дақылдар, 21 мың гектарын жемшөп және екі мың гектарын көкөніс дақылдары құрайды.

– Соңғы 3-4 жылда майлы дақылдардың көлемі дәнді дақылдардан асып отыр. Олардың алқабы жыл сайын орта есеппен бес-алты пайызға өсуде. Әсіресе күнбағыс біздің өңірдің жағдайына төзімді дақыл ретінде жақсы нәтиже көрсетіп келеді, – деді аудан әкімі.

Қазіргі уақытта дәнді дақылдардың шамамен 73 пайызы орылды. Жұмысты алдағы 10 күн ішінде аяқтау жоспарланып отыр. Майлы дақылдарды жинау енді басталды. Алғашқы көрсеткіштер бойынша өнімділік гектарына 12-13 центнер шамасында. Ауданда пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері іс жүзінде жоқ, негізінен ауыспалы егіс жүйесіндегі пар алқаптары бар. Биылғы егін жинау науқанына 299 комбайн және 200-ге жуық автокөлік жұмылдырылған. Техника мәселесі де жолға қойылған.

«Кең дала» бағдарламасы аясында ауданның 57 шаруашылығы жалпы сомасы 4,2 миллиард теңге көлемінде несие алып, 61 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған. Жалпы құны шамамен бес миллиард теңгені құрайтын техника егін жинау жұмыстарына тартылды. Ауданда жанар-жағармай тапшылығы жоқ. Сонымен қатар биылғы ауа райы да шаруаларға қолайлы болып отыр.

Тыңайтқыштарды қолдану бойынша да жоспар орындалған. Биыл аудан шаруашылықтары 29 мың тонна минералдық тыңайтқыш енгізді. Келесі жылы бұл көрсеткішті одан әрі арттыру көзделген.

Облыс әкімі Асайын Байханов ауыл шаруашылығы өнімдерінің нарықтағы сұранысына тоқталып, экспорттық бағыттарды кеңейту қажеттігін атап өтті.

– Біз нарық жағдайында жұмыс істейміз, шетелдік нарықтарда ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс артып келеді. Сондықтан күнбағыспен қатар рапс пен зығыр сияқты дақылдарды да дамыту маңызды, – деді облыс әкімі.

Бұл бағытта ауданда зығыр алқабы да ұлғайып келеді. Аудан әкімінің мәліметінше, биыл зығыр он мың гектарға егілген. Өткен жылы бұл көрсеткіш бес мың гектар болған.

Жұмыс сапары барысында өңір басшылығы бірқатар шаруашылықтың жұмысымен танысты. Соның бірі – «Өркен-ПВ» ЖШС. Шаруашылықта суармалы егіншілікке басымдық берілген. Негізгі өнімнің бірі – картоп. Сонымен қатар бидай және қыша өсіріледі.

Шаруашылық басшысы Азамат Алтынбековтің айтуынша, ауыспалы егіс жүйесінде алқап екі жыл демалдырылады, осы кезеңде бидай егіледі. Суару технологиясын қолданудың арқасында гектарынан 40-50 центнерге дейін өнім алуға мүмкіндік бар. Қыша дақылы да шаруашылық үшін маңызды. Ол сидерат ретінде топырақтың жағдайын жақсартып, бірқатар патогендерді азайтуға ықпал етеді.

Сондай-ақ «Жанарғалиев» шаруа қожалығының жұмысымен танысу барысында мал шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмыстар көрсетілді. Қожалық 2014 жылдан бері ресми түрде жұмыс істеп келеді. Мұнда негізінен қазақтың ақбас тұқымды ірі қарасы өсіріледі. Қожалықтағы ірі қара саны 600 басқа жуық. Сонымен қатар Алтай тұқымды жылқылар өсіріліп, асыл тұқымды айғырлар Татарстаннан әкелінген. Бүгінде жылқы саны 130 басқа жетеді.

Шаруашылық мал еті мен көкөніс және мал азығын өндірумен де айналысады. Мұнда 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Қожалық басшысы Луиза Жанарғалиеваның айтуынша, өндірісті дамыту негізінен жеке қаражат есебінен жүргізіледі. Ал аудан басшылығы шаруашылыққа тұрақты қолдау көрсетіп келеді.

Тереңкөл ауданындағы егін жинау науқанының қазіргі қарқыны шаруалар үшін қолайлы жағдай қалыптасқанын көрсетеді. Техника жеткілікті, жанар-жағармай қоры бар, ауа райы да өнімді уақытылы жинауға мүмкіндік беріп отыр.