Павлодар облысында инвестиция көлемі өсіп, өнеркәсіпте оң динамика сақталды
Үш айда негізгі капиталға 175 миллиард теңге салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2026 жылдың алғашқы тоқсанында өңір экономикасында бірқатар негізгі көрсеткіштер бойынша өсім тіркелді.
– Қаңтар-наурыз айларында негізгі капиталға салынған инвестициялар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,6%-ға артып, 175,6 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде өңдеуші секторға бағытталған инвестициялар көлемі 28,3 миллиард теңгеге жетті, – деді облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының баспасөз қызметі.
Өнеркәсіп саласында да оң көрсеткіштер байқалады. Облыс кәсіпорындары 4,9%-ға өсім көрсетіп, жалпы сомасы 1 триллион теңгеден асатын өнім өндірді. Оның шамамен 55,7%-ы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі.
Өңдеуші секторда өсім 8%-ды құрады. Жекелеген салаларда айтарлықтай динамика тіркелген. Атап айтқанда, құрылыс индустриясы 2,4 есеге артса, жеңіл өнеркәсіп 54,3%-ға, дайын металл бұйымдарын өндіру 42,5%-ға, машина жасау 20,2%-ға өсті.
Сондай-ақ химия өнеркәсібінде өсім 13,9%-ды, тамақ өнімдерін өндіруде 7%-ды, мұнай өңдеуде 6,6%-ды, ал қара металлургияда 3,5%-ды құрады.
Мамандардың бағалауынша, бұл көрсеткіштер өңірдегі өндірістік белсенділіктің артып келе жатқанын және экономиканың тұрақты дамуын айғақтайды.