Павлодарда үйлерге жылу қашан беріледі?

Павлодарда үйлерге жылу қашан беріледі?
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

 Жылу жүйесі бірінші кезекте әлеуметтік нысандарға қосылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы алдағы жылыту маусымына дайындалып жатыр. Бұл мәселе облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте талқыланды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзайыповтың айтуынша, жұмыстар бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде.

– Облыстың энергия көздерінде негізгі энергетикалық жабдықтың 41 бірлігіне күрделі және кеңейтілген ағымдағы жөндеу жоспарланған. Қазір 25 жабдықтың жөндеуі аяқталды, тағы 14 нысанда жұмыстар жалғасып жатыр. Екі жөндеудің мерзімі әлі келген жоқ. Кестеден кешігу жоқ, жылыту кезеңіне жеткілікті жабдықпен кіреміз, – деді Ержан Иманзайыпов.

Сонымен қатар, облыс әкімдігі мен энергетикалық кәсіпорындар арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында қосымша екі шара қарастырылған. Олар – РОК-2-де блок-модульдік тарату қосалқы станциясын орнату және №3 қазандықтағы шаң-көмір оттықтарын ауыстыру.

– Бұл шараларды жүзеге асыру жылу көздерінің жұмыс сенімділігін арттырып, жылыту маусымындағы апаттылықты төмендетуге мүмкіндік береді. Электрмен жабдықтау желілерінде биыл алғаш рет жөндеу жұмыстары үш көзден қаржыландырылып отыр. Бірінші әрі дәстүрлі көз – энергия беруші компаниялардың инвестициялық бағдарламасы. Оның аясында электрмен жабдықтау желілерінің 53,7 шақырымын қайта жаңарту және салу жоспарланған, – деді басқарма басшысы.

Екінші қаржыландыру көзі – электр желілерін жаңғыртуға бағытталған бюджеттік инвестициялар. Биыл жалпы ұзындығы 96,6 шақырым болатын тоғыз жоба іске асырылады. Оның бесеуі 67 шақырым желіні қайта жаңартуға арналған облыстық жол картасына енгізілген. Үшінші бағыт – энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба. Оның аясында 82,1 шақырым желіні жөндеу көзделген.

Күрделі жұмыстардан бөлек, 2393 шақырым электр беру желісі мен 790 жабдыққа ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарланған.

Қазір жөндеу жұмыстарының 90 пайыздан астамы орындалды. Жөндеудің үш бағыт бойынша қатар жүргізілуі өңірдегі энергиямен жабдықтау сенімділігін едәуір арттыруға тиіс. Жүйелі жұмыстың нәтижесі де байқалады. Соңғы үш жылда электр желілеріндегі зақымданулар саны азайған. 2023 жылы 2669 бұзушылық тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 1712-ге дейін төмендеді. Яғни 35 пайызға азайған.

Кеңесте жылу желілерінің жағдайы да жеке қаралды. Биыл оларды жөндеудің ең жоғары көрсеткішіне қол жеткізілді – 48,9 шақырым. Павлодар облысы жылумен жабдықтау саласындағы жобаларды іске асыру бойынша республика өңірлері арасында көш бастап, оларды 100 пайыз аяқтау көрсеткіші бойынша бірінші орында тұр. Салыстыру үшін, 2022 жылы 12,1 шақырым жылу желісі жөнделген. Осылайша, жұмыс көлемі 37,9 шақырымға немесе төрт еседен астамға артқан.

Бұл жұмыстарды жүзеге асыруға Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылып жатқан энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба айтарлықтай үлес қосты. Биыл жоба аясында ЖМ-20 жылу магистралінің құрылысы аяқталды. Павлодарда төрт жылу магистралі қайта жаңартылды. Екі магистраль Екібастұзда, тағы екеуі Ақсуда жөнделді. Барлық жұмыс аяқталып, магистральдар пайдалануға берілді.

Гидравликалық сынақтарға келсек, алдағы жылыту маусымын сенімді өткізу мақсатында облыстың үш қаласында жылу желілеріне температуралық және гидравликалық сынақтар жүргізілді. Нәтижесінде 794 ақау анықталып, жедел түрде жойылды. Қазіргі таңда үш қаланың барлық көпқабатты тұрғын үйлері ыстық сумен қамтамасыз етілген.

Жүргізілген жұмыстар оң нәтиже беріп отыр. 2022 жылдан бері жылыту маусымындағы технологиялық бұзушылықтар саны төрт еседен астам азайып, 2897-ден 683-ке дейін төмендеді.

Асайын Байханов өңірді жылыту маусымына уақытылы дайындаудың маңыздылығын атап өтті.

– Өңір толық дайын. Синоптиктер қыркүйек айы жылы болады деп болжап отырғанына қарамастан, 15 қыркүйектен бастап бюджет саласындағы нысандарға жылу беруді жоспарлап отырмыз. Бірінші кезекте бұл – балабақшалар, мектептер, ауруханалар, емханалар, стационарлар, яғни адамдар тұрақты болатын нысандар, сондай-ақ спорт және мәдениет объектілері. Жылы ауа райында халыққа қосымша қаржылық салмақ түсірмеу үшін алдымен бюджеттік нысандардың жүйелерін толтырып, жылуды соларға береміз. Сонымен қатар, жүйені алдын ала толтыру тәжірибесін жалғастырамыз. Бұл қыздырылған судың тұрғын үйлерге алдын ала жетуіне мүмкіндік береді және барлық желіні бір мезетте толтыру қажеттілігін болдырмайды, – деді Асайын Байханов.

Өңірдің үш негізгі қаласында 2526 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 2464-і жылыту маусымына дайын. Ал 64 үй әлі дайындық актісін алған жоқ. Олардың қаншасында басқарушы компания жоқ екенін анықтау қажет.