Павлодарда үздік зерттеу жобалары анықталды
Ә. Бөкейхан атындағы лицей-мектебінде жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық зерттеу жобалар байқауының қалалық кезеңі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық білім бөлімі «Павлодар дарыны» бос уақытты қамту және балалардың дарындылығын дамыту орталығының ұйымдастыруымен өткізілген байқаудың мақсаты – дарынды жас зерттеушілерді қолдау, интеллектуалдық әлеуетінің қалыптасуына ықпал ету.
– Байқауға қаланың 36 орта мектебінен 218 оқушы қатысты. Қазақстан Республикасы Білім министрлігі бекіткен төрт бағыт бойынша 14 пен 16 жас аралығындағы 218 жас зерттеуші өз жұмысын қорғады, – деді облыстық білім беру басқармасында.
«Физика», «Технология», «Жер және ғарыш туралы ғылым», «Математика», «Қолданбалы математика», «Экономика», «Информатика», «Биология», «Химия», «Қоршаған ортаны және адам денсаулығын қорғау», «Тарих», «Өлкетану», «Этномәдениеттану», «Әдебиет», «Тіл білімі», «Адам және қоғам» бөлімдері бойынша қатысушылар арасынан 151 оқушы жеңімпаз және жүлдегер атанды.
Оқушылардың орындау нәтижелері бойынша «Ең үздік қалалық команда» номинациясы бойынша бірінші дәрежелі дипломмен Ә. Бөкейхан атындағы лицей-мектеп, екінші дәрежелі дипломмен № 2, 7, 17, 35, үшінші дәрежелі дипломмен № 11, 21, Ж. Тәшенев атындағы, А. Байтұрсынұлы атындағы мектептер марапатталды.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен екінші орынға ие болған қатысушылар ағымдағы жылдың қазан айының соңында өтетін облыстық іріктеу кезеңіне қатысады.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің толық тізімі «Павлодар дарыны» орталығының ресми сайтында жарияланған.