Павлодарлық студенттер жаңа оқу ғимаратын сұрады

Павлодарлық студенттер жаңа оқу ғимаратын сұрады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мәселені олар өңірлік омбудсменмен талқылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Сәуле Шәкенева Павлодар сервис және тамақтану колледжінің студенттерімен кездесті.

Жастардың айтуынша, ұзақ уақыт бойы шешімін таппай келе жатқан басты мәселелердің бірі – оқу кабинеттері мен шеберханалардың жеткіліксіздігі. Бұрын басқа мақсатта пайдаланылған ғимарат қазіргі талаптарға, соның ішінде санитарлық нормаларға да сай емес. Колледждің жалпы контингенті – шамамен 500 студентке – бар болғаны екі ғана дәретхана бар.

– Педагогтарсыз, сенімді атмосферада жасөспірімдермен оларды алаңдататын мәселелерді талқыладық. Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялағанын ескерсек, студенттердің дауысы естілер деп үміттенемін! Себебі оқыту жағдайлары оңтайлы болмағанына қарамастан, колледж директорының жетекшілігімен жоғары білікті оқытушылар құрамы арқасында студенттер республикалық та, халықаралық та чемпионаттарда үздік нәтиже көрсетіп жүр, – деп жазды омбудсмен өзінің Instagram парақшасында.

Сәуле Шәкенева студенттердің мәселелерін шешуге барынша атсалысатынын жеткізді.