Павлодарлық оқушылар Отан үшін күрескен батырлар туралы деректер жинады
«Жауынгерлік парақшалар» конкурсы Қазақстан әскери тарихының атаулы күндеріне арналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шара «Патриот» қалалық әскери-патриоттық айлығы аясында экологиялық бағыттағы № 36 жалпы орта білім беру мектебінде ұйымдастырылды. Оқушылар отбасы мұрағатын пайдалана отырып, жауынгер-туыс туралы шығармашылық жұмыс дайындады.
– Жауынгерлік парақша – Кеңес Әскері бөлімшелерінде шығарылған сарбаздардың қабырға газеттерінің бір түрі. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезінде жауынгерлер жауынгерлік парақшаларында жолдастарының ерлік істері туралы айтып, патриоттық сезімдерін білдіріп, неміс-фашистік басқыншыларды талқандауға шақырды. Бұл шараның мақсаты елдің қалыптасу тарихына үлес қосқан адамдардың айтулы оқиғалары мен өмірбаяндарының мәнін зерделеу болып табылады, – дейді №36 ЖОМ директордың орынбасары Зоя Русакова.
Байқау үш номинация бойынша 5-7 және 8-11-сынып оқушылары арасында өтті. Жұмыстарды қорытындылау кезінде іздеу-зерттеу қызметі, тақырыптың сапасы, дұрыстығы ескерілді.
«Отбасы мұрағатын пайдалана отырып, жауынгер-туыс туралы шығармашылық жұмыс» номинациясында 7-сынып оқушылары Васелина Столярова мен Егор Федосеев жеңімпаз атанды.
– Мен өзімнің «Жауынгерлік парақшамда» арғы атам, гвардия старшинасы Петр Иванович Столяровтың әскери өмірін көрсеттім. Оның соғыстан жазған хаты отбасымызда ұқыпты сақталған. Сол хатын қайта жаздым, әскери жүргізушінің куәлігін тіркедім, арғы атамның мұрағаттық фотосуреттері мен наградаларымен бөлістім, – деді Василина.
«Мұрағат деректерін пайдалана отырып, жерлес жауынгер туралы шығармашылық жұмыс» номинациясы бойынша 8-сынып оқушысы Айым Мухамединова жеңімпаз атанды.
– «Жауынгерлік парақша» газетім үшін мұражайлар мен кітапханалардың мұрағаттарынан тапқан ақпаратты қолдандым. Жерлесіміз, мерген қыз, аға сержант Мария Курбатова туралы айтқым келді. Жау мерген қызды білетін және қорқатын, тіпті оған іздеу салып, оның басы үшін мол сыйақы жариялаған. Мария бүкіл соғысты өткеріп, туған Павлодарға оралып, соңғы күндеріне дейін № 5 мектепте жұмыс істеді, алғашқы әскери дайындықтан сабақ берді, – деді Айым.
Байқау жеңімпаздары «Бүркіт» мектеп әскери-патриоттық клубының мүшелері болып табылады. Жетекшісі – алғашқы әскери және технологиялық даярлықтың оқытушы-ұйымдастырушысы Ермек Қабдығалиев.