Павлодарда ұландықтар білім гранттарын иеленді
5512 әскери бөлімінде жалпы саны сегіз сарбаз жоғары оқу орындарына жолдама алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, Павлодар қаласындағы ұландықтар «Әскери міндеттілер 2.0» сандық платформасы арқылы еліміздің бірқатар жоғары оқу орындарында білім алады.
Автоматты түрде жүйеленген бағдарламада сарбаздың әскерге келген күннен бастап қызмет атқару кезіндегі бағалары, әскери дайындығы басты өлшем ретінде бағаланады. Бұдан бөлек, әскери өмірдегі жауынгерлік дағдылары, түрлі іс-шараларға белсенділікпен қатысуы да ескеріледі.
Білім серификатына ие болғандардың бірі — Максим Шиш. Алматы облысынан шақыртылған азамат алдағы уақытта Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінен білім алмақ.
– Әскерге дейін Алматы қаласындағы гуманитарлық және техникалық колледжден орта білім алдым. Алдағы мақсатым жоғары білім алу болатын. Сондықтан Ұлттық бірыңғай тестілеуге жатпай-тұрмай екі-үш ай дайындалу қажет деп уайымдап жүргенмін. Ұлттық ұлан қатарында грант иесі атануым мен үшін тосын сый болды. Өйткені, бір оқпен екі қоянды атқандай сезім кешіп тұрмын. Қуанышымда шек жоқ, – дейді қатардағы жауынгер Максим Шиш.
Әскери бөлім командирі тегін білім алу сертификатын Отан алдындағы борышын абыроймен өтеген 200-ден астам сарбазды шығарып салу рәсімінде салтанатты түрде табыстады.
Айта кетейік, Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы бойынша алпыстан астам сарбаз білім грантына ие болмақ.