Павлодарда әуесқой фотографтар мен архитектор-дизайнерлер сынға түсті

Павлодарда әуесқой фотографтар мен архитектор-дизайнерлер сынға түсті

Жастар өздері дайындаған жұмыстарын көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жастар бастамаларын дамыту орталығының ұйымдастыруымен «Úzdik Maman» облыстық байқауы өтіп жатыр. Жарыста 14-35 аралығындағы жастар фотограф, аспаз-кондитер, макияж суретшісі, архитектор-дизайнер, ағаш ұстасы секілді бағыттарда сынға түседі.

Болашақтың үміті болған әр саладағы жастар осы байқауға өз шығармаларын көрсетуге болады. Қатысушылар міндетті қойылған талап бойынша жұмыстарын белгіленген уақытта көрсетеді, сол күні әр саладағы мамандарды шақыртып бағалатамыз, – дейді орталық басшысы Жандарбек Қабдраш.

Алғашқы болып әуесқой фотограф пен архитектор-дизайнерлер өз жұмыстарын ұсынды. 

Мен Торайғыров университеті саясаттану мамандығының 1-курс студентімін. Өзіме жақсы әсер қалдыратын сәттерді фотоға түсірген ұнайды, осы байқауға өз туындыларымды алып келдім, –  дейді Жанель Жүнісова.

Келесі кезеңде аспаз-кондитерлер патриоттық тақырыпта торт дайындайды. Әр бағыт бойынша жеңімпаздарды анықтап алған соң Республика күні байқаудың марапаттау шарасын өткізеді.

Таңнұр Әленқызы