Павлодарлық балалар психологиялық қолдау алу үшін QR кодтарды жиі қолдануда

Павлодарлық балалар психологиялық қолдау алу үшін QR кодтарды жиі қолдануда
Фото: Константин Шелков

Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі Сәуле Шәкенева «111» контакт-орталығына барып, олардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өткен жылдан бастап барлық мектептерде арнайы QR кодтар орнатылды. Олар арқылы балалар контакт-орталықтарымен байланысқа шығады. «111» қызметінің психолог-операторы Арайлымның айтуынша, арнайы кодтар орнатылғаннан кейін балалардан келетін хабарламалар саны артты.

– Жасөспірімдерге хабарласып сөйлескеннен гөрі, хат алмасып жазысқан ыңғайлы. Кейде адамдарға өз мәселелерін сөзбен айтып жеткізу қиын. Ал хабарлама жазып беру оңай. Осының арқасында біз адамдармен оларға қолайлы ортада терең жұмыс жасай бастаймыз, – деді маман.

Орталық мамандары күніне 25 қоңырау қабылдаса, оның 20 жуығы психолог-операторларға жүгінеді. Бүгінде халыққа 25 маман қызмет көрсетуде.

–  Біздің операторлардың барлығы психология негіздерін біледі. Сонымен қатар, мамандарымыздың психологиялық, ұстаздық немесе заңгерлік білімдері болуы шарт, – деді Арайлым.

Көбіне психолог-операторлар кризистік жағдайларда араласады. Атап айтқанда: өз-өзіне қол жұмсау ойлары туындаған адамдар хабарласқанда, депрессия немесе эмоционалды дезориентация кезінде. 

Маманның сөзінше, оларда адамдармен сөйлесуге уақыт жағынан шектеу жоқ. Қоңырау ұзақтығы жағдайларға тікелей байланысты. Орталық мамандарының бір адаммен төрт сағат бойы телефон арқылы сөйлескен жағдайлары да болған.

– Көбіне мереке немесе демалыс күндері қоңыраулар саны артады. Әсіресе үйдегі зорлық-зомбылыққа қатысты сигналдар мереке күндері немесе мереке қарсаңындағы күндері жиілей түседі, –  деді психолог-оператор.

Контакт-орталықта анонимдік, құпиялық және сенім принциптері басты орын алады. Тек өмірге немесе қауіпсіздікке қатер төнген жағдайда ғана деректер полицияға беріледі.

Мамандар жасөспірімдерге ерекше назар аударады, себебі 11-12 жастан бастап 18 жасқа дейінгі кезең – психикалық және эмоционалды өзгерістерге толы кезең. Осы жас аралығында балаларда жаңа сезімдер мен ойлар пайда болып, кейде өз-өзіне зиян келтіру әрекеттері де кездеседі.

Осы орайда психолог балалармен тығыз байланыс орнатып, олардың сезімдеріне көңіл бөлуге кеңес береді.