Павлодарлық қолөнерші Дубайдан тұрақты тапсырыс беруші тапқан

Павлодарлық қолөнерші Дубайдан тұрақты тапсырыс беруші тапқан
Фото: Марал Макинаның мұрағатынан

Қала тұрғыны Марал Макина жұмыс кестесін екі-үш айға  жоспарлап қояды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.   

Баянауыл ауданының Ақсаң ауылында туып-өскен шебер қолөнермен бала кезінен айналыса бастаған. Бұл қасиет оның бойына белгілі қолөнер шебері –анасынан дарыған. 

– Анам ою ойып, кесте тігіп, құрақ құрайды, күнделікті сырт киім мен бас киім тігуден алдына жан салмайды. Қолөнерге бар өмірін арнады десем артық айтқаным емес. Сол өнерге мені де баулыды. Ес білгелі анамның соңынан еріп, жылына бірнеше рет облыстық және халықаралық шеберлер көрмелеріне қатысатынбыз, – дейді Марал Макина.

Оның негізгі мамандығы – мұғалім. Шебер қазіргі таңда қолөнер бұйымдарына сұраныс өте жоғары екенін айтады. Әсіресе ерекше киім үлгілері мен ұлттық киімдерге тапсырыс артқан.  

– Өзім кез келген бұйымды, оның ішінде той жабдықтарын, қоржын, тойбастар, қыз жасауы, сәукеле, шапан, сахналық сәнді киімдерді, той көйлектерін тіге алатын болғандықтан, жұмыс  кестем екі-үш айға алдын ала жоспарланады. Қазіргі таңда ұлттық қолөнер мықты дамып келеді. Жастардың қолөнерге деген қызығушылығы артуда. Қазақтың ою-өрнегі сәнге айналды. Сондықтан қазақ қолөнерінің болашағы жарқын деп ойлаймын. Тіпті, алыс-жақын шетелдерден де тапсырыс келіп тұрады. Мысалы, Якутияда тұратын қазақтар  ұлттық киімге тапсырыс берген. Дубайдан тапсырыс беріп тұратын тұрақты тұтынушым да бар, – дейді шебер. 

Марал Макина қыз-келіншектердің ұлттық киімдерін оюлап, кестелеп, ерекше сәнді қылып тіккенді ұнатады. Ерекше сұранысқа ие дүниелерінің бірі – эксклюзивті бас киімдер. Ол бас киімді тігер алдында тапсырыс беруші нені қалап тұрғанын, өмір сүру салты мен немен айналысатынын зерделеп, жан-жақты ойластырады. 

– Бас киімнің үлгісі адамның бет әлпетіне қарай тігіледі. Қалай әшекейлеуге болатыны да жеке-дара шешіледі.  Бір шаблон бойынша тіге бермеймін. Тапсырыс берген адамды көз алдыма елестетіп отырып тігемін. Он бес жылдық тәжірибеме үңіліп қарасам, белгілі бір  адамға арналып тігілген бас киім сол адамға ғана жарасады. Мысалы, басқа адам кигенде басқаша тұрады, – дейді Марал Макина. 

Оның айтуынша, адамдардың қазіргі таңда дүкендердегі бас киімдерге қызыға бермеуінің себебі – ерекше  дара болғысы келуінде. Сол себепті де өзінің тігетін эксклюзивті тақиялары мен сәукелелеріне, жаулықтарына қызығушылық жоғары болса керек.  

Шебер қолөнер адамға шыдамдылық, сабырлық және жан рахатын сыйлайтынын әрі табыс көзі де бола алатынын айтады.  Бұған қоса, қолөнердің арқасында шебер сый-құрметке және елдің  алғысына бөленіп, үлкендердің батасын алады, шабыттанып, дүниеге көздің жауын алатын туындылар әкеледі.