Павлодарда Ахат Жақсыбаевқа арналған қазақ әдебиеті кабинеті ашылды
Тағылымды шараға қаламгердің жары, замандастары, зиялы қауым өкілдері мен мектеп ұжымы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласындағы Шапық Шөкин атындағы №9 мектеп-гимназиясында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жазушы, журналист-публицист, аудармашы, Павлодар облысының Құрметті азаматы Ахат Имантайұлы Жақсыбаевты ұлықтаған тағылымды шара өтті. Білім ордасында қаламгерге арналған мемориалдық тақта мен қазақ әдебиеті кабинеті ашылды.

Ахат Жақсыбаев 1940 жылғы 5 шілдеде Павлодар қаласында дүниеге келген. 1948-1958 жылдары қазіргі Ш.Шөкин атындағы №9 мектеп-гимназиясында білім алған. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан жас Ахат еңбек жолын Екібастұз қаласында бастап, 1965 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультеті, журналистика бөлімін тәмамдаған.

Қаламгердің шығармашылық мұрасы қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар. Ол «Менің достарым», «Қайырлы таң», «Бозарал» повестерінің, «Егес», «Бөгет», «Қорған», «Қайтпас қайсар», «Иса ақын» романдарының авторы. Жазушының бірқатар шығармалары орыс тіліне аударылып, оқырман қауымға кеңінен танылды.

Ахат Имантайұлы көркем аударма саласында да жемісті еңбек етті. Ол шетелдік және орыс әдебиетінің таңдаулы шығармаларын қазақ тіліне аударып, ұлттық оқырманға ұсынды. 1971 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, 1976 жылдан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі болды. 1993 жылы Одақ басқармасының хатшысы болып сайланды. Көп жылғы шығармашылық және қоғамдық еңбегі үшін бірқатар мемлекеттік және кәсіби марапаттарға ие болып, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері атанды.

Жазушының зайыбы Қиғашқас Әубәкірова Ахат Жақсыбаевтың мектеп жылдарын еске алып, оның бала күнінен білімге, ізденіске ерекше көңіл бөлгенін атап өтті.

– Ахаттың бір естелігінде «Аласа бойлы, арық бала көз алдымнан кетпейді» деп жазғаны бар. Сол аласа бойлы, арық бала осы Павлодар мектебінде он жыл білім алды. Сол алған білімін өмір бойы жетілдіріп, ізденіп отырды. Соның арқасында Қазақстанға аты белгілі азамат болды. Республикамыздың ірі басылымдарын, балалар мен жасөспірімдерге арналған журналдар мен газеттерді басқарды. Менің ойымша, бұл мектеп үшін үлкен мәртебе. Осы мектептің түлегі осындай биікке жетті. Сондықтан тілейтінім – №9 мектеп-гимназияда оқитын балалардың әрқайсысы ертең Қазақстанға, еліне белгілі азамат болып, елінің мақтанышына айналса екен, – дейді Қиғашқас Әубәкірова.

Бүгінде Шапық Шөкин атындағы №9 мектеп-гимназиясында 2518 оқушы білім алады. Оның 236-сы мемлекеттік тілде оқиды. Жаңа қазақ әдебиеті кабинеті оқушылардың әдебиетке қызығушылығын арттырып, жас қаламгерлердің шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталмақ.

– Ахат Жақсыбаев – біздің қара шаңырағымызды тәмамдаған, Кереку өңірінің мақтанышы болған азамат. Сондықтан ағамыздың есімін ұлықтап, оның шығармашылығын кейінгі ұрпаққа таныстыруды мақсат еттік. Бұл кабинет жай ғана оқу бөлмесі емес, әдебиет пен өнерге қызығатын оқушылар үшін шығармашылық шеберхана болады деп ойлаймыз. Осында балалар Ахат ағамыздың бай мұрасымен танысып, оның өмір жолынан үлгі алады. Ең бастысы – оқушылардың бойына отансүйгіштік, туған жерге деген сүйіспеншілік, үлкенді құрметтеу, өз мектебін қадірлеу сияқты құндылықтарды сіңіргіміз келеді, – дейді мектеп-гимназия директоры Динара Темірбаева.

Жаңа кабинетте Ахат Жақсыбаевтың өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды материалдар, кітаптар мен деректер жинақталып, оқушылардың әдеби-шығармашылық жұмыстарын өткізуге мүмкіндік жасалмақ.