Павлодар облысында ұлттық құндылықтар жобасы табысты жүзеге асуда

Павлодар облысында ұлттық құндылықтар жобасы табысты жүзеге асуда
Фото: Павлодар облыстық білім беру басқармасы

«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Баянауыл ауданының «Жас дәурен» облыстық оқыту-сауықтыру орталығында «Ұлттық құндылық – ұлттық иммунитет» тақырыбында облыстық семинар өтті. Іс-шараға облыстық білім беру басқармасының өкілдері, қала мен аудан мектептерінің тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары қатысты. Семинар аясында қатысушылар ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналған шеберлік сағаттарына, мәдени бағдарламаларға және экскурсияларға қатысу мүмкіндігіне ие болды.

– Бұл бағдарлама өңірде табысты жүзеге асырылуда.  Білім беру ұйымдары ұлттық рухани байлықты насихаттау мен тәрбие үдерісін жетілдіруге ерекше назар аударуда.  Аймақтағы білім беру ұйымдары ұлттық рухани мұраларды сақтап, ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлестері арқылы тәрбиелік жұмыстың жаңа кезеңіне қадам басуда, – дейді Павлодар облысы білім беру басқармасының бас маманы Гүлсім Рамазанова.

Семинар шеңберінде «Ой-зерек», «Алтын оймақ», «Ұлттық ойындар» сынды үйірмелердің жетекшілері шығармашылық қабілеттерді дамытуға арналған тәжірибелер ұсынды. Әсіресе ұлттық ойындар мен қолөнерге негізделген шеберлік сағаттары қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Орталық психологтарының «Адам өмірі – басты құндылық» тақырыбындағы тренингі өмірдің мәні мен рухани тәрбиенің маңыздылығын ерекше атап өтті.

Бұл жұмыс ауыл мектептерінде де белсенді жүргізілуде. Мысалы, Аққулы ауданындағы Жабағылы негізгі білім беру мектебінде өткен семинарда «Жаны жайсаң жеңгелер» клубы этно-көрме ұйымдастырып, қазақтың ұлттық киімдері мен дәстүрлерін кеңінен таныстырды. Мұндай іс-шаралар шағын мектептердің де үлкен үлес қосып жатқанын көрсетеді.

«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында өткен іс-шаралар ұлттық құндылықтардың жастар санасына сіңірілуі мен оларды келер ұрпаққа жеткізудегі маңыздылығын айқындады. Аталған бағыттағы жұмыстар тәрбиелік үдерістің сапасын арттырып қана қоймай, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға ықпал етуде.