Екібастұздық жыл әкесі: Ата-ана балаларға үлгі болуы керек
Бүгінде әкелер кеңесі қаланың әрбір мектебінде бар. @Pavlodarnews.kz тілшісі әкелер болашақ ұрпаққа қандай тәлім-тәрбие беріп, нені үйретіп жүргенін сұрастырып көрді.
Руслан Верещак – Екібастұз полиция басқармасының учаскелік инспекторы. Отбасы үш бала тәрбиелеп отыр: үлкені – сегізде, ортаңғысы – төрт жаста, ал кішісі – бірде. Ол былтыр өзінің ұлы оқитын мектепте әкелер кеңесіне кірген. Бүгінде қаланың әрбір орта білім беру мекемесінде осындай бірлестіктер ашылған.
Руслан Верещактың пікірінше, осындай кеңестер бала мен мектеп арасындағы байланысты нығайтуға көмектеседі, ал бұл өз кезегінде баланың тәрбиесіне ықпал етіп, оқуға деген құштарлығын оятады. Екібастұздық әке балаларына мүмкіндігінше көп көңіл бөлуге және олардың жанында болуға тырысатынын айтады.
– Мен үшін әкелер кеңесінің мүшесі болу үлкен жауапкершілік, – дейді Руслан Верещак. – Мен өз ұлдарыма өмірде жақсы үлгі болуға тырысамын. Себебі, балалар өз ата-анасына еліктеп өседі. Оларды сөзбен емес, іспен үйрету керек. Мысалы, әке балаларының анасына қалай қараса, дәл осылай олар да өз жанұяларында істейтін болады.
Биыл 34 жастағы Руслан Верещак «Жыл әкесі-2023» байқауына қатысқан. Оның жақындары бұл жарыста бар қабілетін көрсету үшін барынша қолдау танытқан. Нәтижесінде өзге мектептің 20 әкесін озып шыққан.
– Біз балаларымызға қандай құндылықтарды сіңіріп жүргенімізді көрсеттік. Бірінші кезекте еліміздің құрметті азаматын өсіруге көңіл бөлу керек. Яғни болашақ ұрпақтың білімді, спортпен шұғылданатын, айналасына ізетпен қарайтын, адал әрі әділ ұрпақ жеткізу керек, – дейді Руслан.
Екібастұз қаласының №35 мектеп-гимназиясының директоры Нұргүл Жаналиеваның айтуынша, әкелер кеңесі-әкімшіліктің түрлі мәселелерін, соның ішінде шаруашылық сұрақтарын шешуге көмек көрсетеді.
– Әкелер кеңесі балалармен әртүрлі бағыттар бойынша тәрбие жұмысын ұйымдастыруға көмек береді. Болашақта біздің ұлдарымызды нағыз ер азаматтар етіп қалыптастыруға септігін тигізеді деп ойлаймын.
Әкелер кеңесі Екібастұздағы бірнеше қызықты жобалардың пайда болуына ықпал еткен. Мысалы, ұлдар әкелерімен бірге «ағаш ою» студиясына, «Автомодельдеу» үйірмесіне барады, ал «сәулеттік макеттеу» сабақтарында пәтер, бөлме, сынып макеттерін жобалау, безендіру және жасаудың қарапайым дағдыларын меңгереді.
Сондай-ақ, «Әке – отбасының тірегі» атты диалог алаңы құрылған, оған «Қазақстан әкелері» республикалық қоғамдық бірлестігі мен «Жастар рухы» жастар қанатының өкілдері қатысады.
Әр мектепте әкелердің жеке бірлестіктері бар. Олар өз кезегінде «Ұрпақ болашағы» ата-аналар қоғамының кеңесіне кіреді. Оқу жылының басында әкелер кеңесі білім бөлімімен бірге «Баланың жеке басын тәрбиелеу мен қалыптастырудағы отбасының рөлі» атты стратегиялық сессия өткізді. Ол жерде балалардың сабақтан тыс уақытта қауіпсіздігі, сауықтырылуы және жұмыспен қамтылуы жөніндегі іс-қимыл жоспары талқыланған болатын.