Павлодарлық ғалымдар энергия жүйелерін қорғауға арналған технологияларды әзірлеуде

Павлодарлық ғалымдар энергия жүйелерін қорғауға арналған технологияларды әзірлеуде
фото: автор

Бұл ғылыми жобалар бойынша ғалымдар ондаған жылдар бойы еңбектенуде, өйткені ғылым – үздіксіз ізденіс жолы. @Pavlodarnews.kz тілшісі зерттеулер жүргізіліп жатқан зертханаға барып, жаңашыл идеялардың қалай жүзеге асырылатынын көрді.

Пәтердегі автоматты ажыратқыш пен алып электр станциясының арасында қандай ұқсастық бар? Екеуі де қысқа тұйықталудан қорғалуы керек. Алайда, тұрмыстық жағдайда қарапайым автомат жеткілікті болса, мыңдаған вольтпен жұмыс істейтін өнеркәсіптік кәсіпорындарға күрделірек шешімдер қажет.

Осындай шешімдерді табумен Павлодардағы Торайғыров университеті электроэнергетика кафедрасының мамандары айналысды. Солардың бірі – PhD докторы, қауымдастырылған профессор Бауыржан Машрапов. Ол әріптестерімен бірге энергия жүйесінің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған қорғаныс жүйесін әзірлеуде.

Жас ғалымның зертханасында жұмыс қызу. Техника ғылымдарының докторы, профессор Марк Клецель жетекшілік ететін зерттеушілер қысқа тұйықталуды анықтап қана қоймай, оның салдарын болдырмайтын құрылғыларды ойлап табуда.

– Бұл технологиялар электр станцияларында, алюминий және ферроқорытпа зауыттарында үздіксіз жұмыс істейтін энергетикалық жүйелерді қорғауға арналған. Біз 6 мың вольт және одан жоғары қуаттағы қондырғыларға арналған автоматты ажыратқыштың ұқсас нұсқасыг әзірлеудеміз, – дейді ғалым.

Зерттеулер Дүниежүзілік банк пен салалық министрліктің гранттары есебінен жүргізілуде.

– Алғашқы жоба ашық және жабық ток өткізгіштері бар қалқандық құрылғыларды бекіту үшін геркондарды коммерциализациялау мен дамытуды көздейді. Біз 6 мың вольтқа есептелген ықшам әрі тиімді қорғаныс жүйесін жасадық. Оның алғашқы тәжірибелік үлгісі сатылып үлгерді. Екінші жоба электрмен жабдықтау жүйелеріне арналған ресурсты үнемдейтін релейлік қорғаныс құрылғысын әзірлеуге бағытталған. Бұл энергия жүйесінің сенімділігін арттыруға және технологиялардың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге көмектеседі, – дейді Бауыржан.

Жаңа құрылғыны енгізу үшін оны жылдар бойы сынақтан өткізу қажет. Ғылыммен айналысуға шыдамдылық керек.

– Қысқа тұйықталу жылына шамамен бір рет болады. Құрылғы кемінде 20 рет шынайы жағдайда жұмыс істеп, өз тиімділігін дәлелдеуі керек. Бұл – ұзақ процесс. Тек содан кейін біз оны нарыққа ұсына аламыз, – дейді ғалым.

Зертханалық сынақтар қымбат тұратын компоненттерді де қажет етеді. Оларды гранттық қолдау есебінен сатып алуға мүмкіндік бар.

– Мысалы, бір өлшеу құрылғысы 7 миллион теңге, ал мультиметр 500 мың теңге тұрады. Бізде дәлдігі жоғары осындай алты құрылғы бар. Гранттық қаражат жабдықты сатып алуға ғана емес, зертхананың докторанттары, магистранттары мен студенттерінің еңбекақысын төлеуге де жұмсалады, – деп түсіндірді Бауыржан.

Бауыржан Машрапов ғылымға кездейсоқ келген жоқ. Оған ғылыми жолды физика-математика ғылымдарының кандидаты Нариман Машрапов көрсеткен. Ғалымның жары Ризагүл Машрапова да PhD докторы ғылыми дәрежесіне ие.

– Магистратураға түсуге Марк Яковлевич шабыттандырды, ал докторантураға өз қалауыммен бардым. Өндірісте жұмыс істедім, бірақ жаңа дүниелерді зерттеп, ізденуге деген құштарлық мені университетке қайта оралтты.

Біз күн сайын жаңа құрылғылар жасап, оларды жетілдіріп, ерекше тәжірибелер жүргіземіз. Бұл – жай ғана прототиптер емес, ресми патенттелген өнертабыстар. 10 жыл ішінде Марк Клецель Қазақстандағы ең белсенді өнертапқыштардың бірі болды. Ол 100-ден астам патент алды, соның ішінде геркондарға арналған қорғаныс құрылғылары мен параллель желілерді қорғау жүйесі сияқты жобалар бар, – дейді ғалым.

Ғалымдар қымбат металдарды барынша аз тұтынатын жаңа құрылғылар әзірлеуде.

– Егер құрылғының салмағы 20 келі болса, оның негізгі бөлігі мыс және болаттан тұрады. Бірақ балама нұсқалар бар – екі металл пластинасы бар шыны геркон әлдеқайда аз материалды қажет етеді. Біз металды үнемдеу үшін ауыр құрылымдарды жеңіл әрі тиімді элементтермен алмастырғымыз келеді, – дейді Машрапов.

Кеше облыс әкімі Асаин Байханов Ақсуға жұмыс сапарымен барып, резервтік электрмен жабдықтау жүйесінің жоқтығы мәселесін көтерді. Бұл сумен жабдықтаудың ұзақ уақытқа үзілуіне және халықтың жайсыздығына әкелуі мүмкін. Павлодарлық ғалымдардың зерттеулері осы мәселеге шешім бола ала ма?Енді жаңашыл идеялардың зертхана шеңберінен шығып, нақты жағдайларда жұмыс істейтінін күту ғана қалды.