Павлодарда алюминийді қайта өңдейтін бірегей зауыт салынбақ
Ол жылына 18 мың тоннаға дейін дайын өнім алуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Асайын Байханов түрік компаниясы «Altrade Company» ЖШС өкілдерімен кездесті.
Инвесторлар өңірде бізде өндірілетін алюминийді қайта өңдеу арқылы қуаттылығы жылына 18 мың тоннаға дейін дайын өнім алуға мүмкіндік беретін Қазақстандағы алғашқы зауытты салуға ниетті. Өнім әуе және автокөлік өнеркәсібінде, құрылыс саласында, тамақ өнеркәсібінде, тұрмыстық техника өндірісінің әлемдік нарығында сұранысқа ие болады.
Құрылыстың 1 кезеңінде инвестиция көлемі шамамен 8 млрд теңгені құрайды және 100-ден астам жұмыс орны құрылады. 2-кезең 9 млрд теңге инвестицияларды, сондай-ақ, жұмысшылар санының ұлғаюымен өндірісті кеңейтуді көздейді.
Зауытты салу кезінде экологиялық таза технологиялар қолданылады: күн панельдері және мұржа сүзгілері. Сондай-ақ, отын түрінде зиянды шығарындылар шығармайтын сұйытылған газды пайдалану жоспарлануда.
Асайын Байханов кәсіпкерлік басқармасына «Павлодар» АЭА-мен бірлесіп жобаны соңына дейін сүйемелдеуді тапсырды.