Баянауылда 50-ден астам пәтерлі жаңа тұрғын үй салынып жатыр
Көпқабатты үйді қазан айында пайдалануға беру жоспарланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Баянауыл ауданына жұмыс сапары барысында аудан орталығындағы жаңа көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысымен танысты.
Нысан Баянауыл ауылындағы Хайдаров көшесі, 15А мекенжайында салынып жатыр. Құрылыс биыл сәуір айында басталған.
Төрт қабатты үйде 57 пәтер болады. Оның 24-і – бір бөлмелі, 15-і – екі бөлмелі, тағы 15-і – үш бөлмелі және үшеуі – төрт бөлмелі.
Мердігердің айтуынша, құрылысты қазан айында аяқтау жоспарланған. Нысанның айналасын абаттандыру жұмыстары да жүргізіледі.
Облыс әкімі ғимараттың сыртқы келбетіне назар аударып, құрылыс кезінде сәулеттік шешімдер мен материалдардың үйлесімділігін ескеру қажеттігін айтты.

– Мұндай ғимараттарға өздеріңіз жауапкершілікпен қарауларыңыз керек. Сәулетшілермен, дизайнерлермен отырып, барлық шешімді алдын ала ойластырған жөн, – деді Асайын Байханов.
Өңір басшысы ғимараттың жылу оқшаулағыш материалдарының сипаттамаларына да назар аударып, олардың құрылыс талаптарына сәйкес қолданылуын тапсырды.
Сондай-ақ нысан аумағындағы жауын суын бұру мәселесі талқыланды. Мердігер қазандықтың артқы жағынан су ағатын арық салынатынын жеткізді.
Асайын Байханов аумақтың деңгейін көтеріп, топырақ төсеуді және жауын суының ғимарат маңында жиналмауын қамтамасыз етуді тапсырды.
Құрылыс паспортына сәйкес, бас мердігер – «Medina Building» ЖШС. Нысанды пайдалануға беру мерзімі 25 қазанға белгіленген.