Павлодарда қандастар тұрақты тұру визасын алу үшін қайда жүгіне алады?
Ал көші-қон визасын бұзғандар жазаланады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жайлы «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі Павлодар облыстық филиалының басшысы Болат Заут мәлім етті.
– Қазақстанда тұру тәртібі бойынша Үкіметтің №148 қауылысына 2023 жылғы 27 қантарда енгізілген өзгерістер мен толықтыруға байланысты шетел азаматтары Қазақстан Республикасының аумағында 90 күн мерзімінде визасыз жүре алады. Бірақ олар шектеулі мерзімнен кешігіп қалуы мүмкін. Себебі –көшіп келген қандастардың көпшілігінің құжаттары құзырлы мемлекеттік органдарда әлі де қаралуда, – дейді Болат Заут.
Филиал басшысы қандастардың жылдам құжаттарды рәсімдеп, тұрақты тұру визасын алу жолына тоқталып өтті.
– Осы мәселеге байланысты Қазақстанда тұруға рұқсаты әлі келмеген қандастар Павлодар қаласында Павлов көшесі, 48 мекенжайы бойынша полиция департаментінің көші-қон қызмет басқармасына шұғыл келіп, Қазақстанда тұрақты тұру визасын тегін рәсімдеуге шақырамын, – дейді Болат Заут.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қон заңнамасы бұзылса, үш тәулік ішінде ескерту жасалады. Үш тәуліктен астам бес тәулік өткенге дейін – он айлық есептiк көрсеткiш (34500 тенге), ал бес тәуліктен астам он тәулік өткенге дейін – он бес айлық есептiк көрсеткiш (51750 тенге) мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.