Жетекші ауылы таза ауызсуға қол жеткізді

Жетекші ауылы таза ауызсуға қол жеткізді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мұндағы сорғы станциясын қайта жаңғырту жұмыстары толық аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков Instagram парақшасында мәлімдеді.

– Облыс әкімінің қолдауымен Жетекші ауылында сорғы станциясын қайта жаңғырту жұмыстары толық аяқталды. Нәтижесінде бүгінде 706 үй таза ауызсумен қамтылды. Су ауылға сүзгілеу жүйесінен өткеннен кейін тікелей жеткізіліп, оның қауіпсіздігі мен сапасының тұрақтылығы қамтамасыз етілді, – деп жазды ол әлеуметтік желіде.

Оның айтуынша, барлық үйлерге су есептегіш құралдары орнатылған. Келесі жылдан бастап көрсеткіштерге бақылау жүргізіліп, су үшін төлем бекітілген тарифке сәйкес жүзеге асырылады.

Сондай-ақ, Хасар Хабылбеков судың сапасы санитарлық-эпидемиологиялық қызмет тарапынан тексеріліп, барлық санитарлық талаптарға толық сәйкес келетіні расталғанын атап өтті. Ол тиісті қызметтерге сорғы станциясының жұмысын тұрақты бақылауда ұстап, елді мекенді үздіксіз сумен қамтамасыз етуді тапсырғанын хабарлады.