Павлодарда алғаш рет Darmarka өтеді
Қала тұрғындары өздеріне қажет емес заттарды әкеліп тапсыра алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ішкі саясат бөлімінің мәліметінше, экологиялық шара 30 сәуір күні сағат 10.00-де Гагарин атындағы саябақта өткізіледі.
– Қала тұрғындары таза әрі бүтін киім-кешек, аяқ киім, жыртылмаған кітаптар, жағымды эмоциялар сыйлайтын аксессуарлар, қолдануға жарамды ыдыс-аяқ, жұмыс істеп тұрған электр аспаптары мен таза ойыншықтар, спорттық жабдықтар, дискілер (музыка, мультфильмдер немесе фильмдер) әкеліп тапсыра алады, – деп жазылған хабарламада.
Бұдан бөлек, таза және әрі қарай қолдануға жарамды төсек-орын, сүлгілер қабылданады.
Айта кетерлігі, Дармарка – бұл қатысушылар жақсы және сапасы жағынан тиімді нәрселерді қабылдайтын іс-шара, ал оның орнына олар өздеріне ұнайтын кез келген затты ала алады. Елімізде алғаш рет Алматыда 2017 жылы ұйымдастырылған. Экологтардың пікірінше, мұндай шара заттарды қайта пайдалануға мүмкіндік береді, яғни суды, пайдалы қазбаларды, топырақты және т. б. көздерді үнемдейді.