Павлодарлық студенттер IT-жобаны дамытуға 500 мың теңге грант ұтып алды
Жас әзірлеушілер еріктілер қозғалысына арналған цифрлық платформаны дамытуға қаржы алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақпараттық технологиялар колледжінің студенттері Әбілмансұр Саталғанов пен Даниал Шампатов еріктілер қозғалысына арналған цифрлық платформаны дамыту үшін жарты миллион теңге грант иеленді.
Жас әзірлеушілер «МЕЙІРІМДІ ERTIS» шағын гранттар байқауының жеңімпаздары атанды. Байқау еріктілер ұйымдарын, бастамашыл топтар мен белсенді азаматтарды қолдауға бағытталған.
Қала әкімдігінде студенттерге жобаны іске асыру үшін 500 мың теңге көлеміндегі сертификат табысталды.
Жеңімпаз атанған жоба – IT Ertis Volunteer цифрлық платформасы. Оның мақсаты – еріктілер мен ұйымдарды бір жүйеге біріктіріп, әлеуметтік бастамаларға қатысуды жеңілдету.
– Платформа арқылы пайдаланушылар еріктілік іс-шараларын тауып, қатысуға өтініш бере алады, оқудан және тестілеуден өтіп, өз жетістіктерін бақылай алады, – деді жоба авторлары.
Жоба аясында геймификация элементтері, еріктілердің жеке кабинеті және жасанды интеллект негізіндегі көмекші қарастырылған. AI-ассистент қолданушыларға даму мүмкіндіктерін тауып, әлеуметтік жобаларға қатысу жолдарын ұсынады.
Сонымен қатар платформада еріктілер командалары үшін сауда белгілері мен логотиптер жасауға арналған жасанды интеллект құралдары енгізілген.
Әбілмансұр Саталғанов пен Даниал Шампатов Ақпараттық технологиялар колледжіндегі оқытушы Талғат Жалпаков жетекшілік ететін арнайы дайындық тобының мүшелері. Бұл топта студенттер түрлі цифрлық жобалар мен IT-шешімдерді әзірлеумен айналысады.