Астана тұрғыны павлодарлық патрульдік полицияға алғыс айтты
@dp_pavlodar Instagram парақшасының директіне Астана қаласының тұрғынынан алғыс айтқан бейнежазба келіп түсті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, әйел адам автопатруль экипажының Павлодар облысы қызметкерлеріне Мәдениет Жекенов пен Сайран Душимовқа жауаптылығы мен көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірген.
– Біз үйге бара жатқан кезде Аққулы ауылының маңындағы тас жолда көлігіміз сынып қалды. Жүргізуші көлікті өз бетінше істеуге тырысты. Алайда бәрі нәтижесіз болды. Сол кезде жанымыздан полицейлер өтіп бара жатты. Олар Павлодар қаласының техникалық қызмет көрсету станциясына автокөлікті сүйреп апарды. Шеберлер кәсіби көмек көрсетіп, қайта жолға шықтық. Патрульдік полицейлерге уақытылы көмек көрсеткені үшін зор алғыс білдіремін, – дейді Елорда тұрғыны.
Өз кезегінде полиция департаментінің басшылығы тәртіп сақшыларының қызметіне оң баға бергені үшін ризашылығын білдірді. Полиция департаментінің қызметтері мен бөлімшелері азаматтардың қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз ету үшін барынша күш салатынына сендірді.
Сондай-ақ, жүргізушілерге алыс сапарға шықпас бұрын көлігінің техникалық жағдайын тексеруге кеңес берді.