Павлодарда «Ата-аналар лигасы – 2026» волейбол турнирі мәресіне жетті

Павлодарда «Ата-аналар лигасы – 2026» волейбол турнирі мәресіне жетті
Фото: Бекбол Мырзахан

Жарысқа өңір қалалары мен аудандарынан 12 команда өзара бақ сынап, үздіктерді анықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ауданаралық жарысты «Сенімен болашақ» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Турнирдің мақсаты – ата-аналарды спорт арқылы біріктіріп, қоғамдағы азаматтық жауапкершілік пен өзара ынтымақтастықты нығайту.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар адамдар арасындағы байланысты күшейтіп, ортақ құндылықтар төңірегінде топтасуға мүмкіндік береді.

– Өкінішке қарай, бүгінде әркім өз алдына бөлек кеткендей жағдай бар. Ал біз – бір елдің азаматтарымыз. Қоғамның дамуы үшін бірлікті нығайтып, ортақ іске жұмыла білуіміз керек. Волейбол турнирі – адамдарды жақындастырып, азаматтық сананы қалыптастыруға ықпал ететін құралдардың бірі, – деді «Сенімен Болашақ» бірлестігінің құрылтайшысы Нұркен Асанов.

Командалар жеребе арқылы топтарға бөлініп, жарыс айналмалы жүйе бойынша өткізілді. Ұйымдастырушылар қатысушыларға қойылатын талаптардың қатаң сақталғанын атап өтті. Атап айтқанда, әйелдердің жасы 30-дан, ерлердікі 35-тен жоғары болуы, сондай-ақ кәсіби спортта жетістіктерінің болмауы міндеттелді.

– Біз үшін жарыстың әділ өтуі – басты талап. Сондықтан қатысушылардың жас ерекшелігіне де, спорттық тәжірибесіне де мән берілді. Бұл турнир кәсіби спортшылардың емес, белсенді ата-аналардың басын қосуға бағытталған, – деді  «Сенімен Болашақ» бірлестігі Павлодар облысы бойынша филиалының басшысы Перизат Құрманәліқызы.

Іріктеу кезеңінен кейін Баянауыл, Ақтоғай және Екібастұз командалары шешуші ойындарға жолдама алды. Қола жүлде Баянауыл ауданының командасына бұйырды. Ал турнирдің тағдырын шешкен финалдық кездесуде Ақтоғай мен Екібастұз құрамалары өзара мықтыны анықтады.

Нәтижесінде Екібастұз құрамасы турнир жеңімпазы атанды. Ақтоғай командасы күміс жүлдеге ие болды.

– Бұл жеңіс оңай келген жоқ. Қарсыластарымыз жақсы ойын көрсетіп, бар күшін салды. Дегенмен, біз де соңына дейін күресіп, командалық бірліктің арқасында жеңіске жеттік, – деді жеңімпаз команда өкілі.

Жарыс қорытындысы бойынша жекелей номинациялар да табысталды. Марат Дюсенбек «Үздік үйлестіруші», Асан Кабжапаров «Үздік қорғаушы», Хұсман Көркентай «Үздік шабуылшы» атанса, Дарья Прутковская турнирдің үздік ойыншысы деп танылды.

Ұйымдастырушылар алдағы уақытта жастар арасында да волейбол турнирін өткізуді жоспарлап отыр.

Бекбол Мырзахан