Павлодарда волейболдан Ұлттық лиганың шешуші тур ойындары басталады

Павлодарда волейболдан Ұлттық лиганың шешуші тур ойындары басталады
Фото: «Pavlodar» ВК

«Pavlodar» турнирге сақадай сай әзір, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Сергей Грибовтың командасы еліміздің үздік командаларымен күш сынасуға дайындалуда. «Pavlodar» волейбол клубының директоры Виктор Мамашев атап өткендей, ойыншылар ең жоғары нәтижеге қол жеткізуге бел буып отыр.

- Біз алдымызға чемпиондық медальдарды жеңіп алуды мақсат етіп қойдық. Барлығы, әрине, биылғы жылдың наурыз айында басталатын плей-офф кезеңінде шешіледі. Бүгін команда бесінші орында, ал Павлодардағы төртінші тур бізге қолайлы жағдайда плей-офф кезеңіне шығуға мүмкіндік беруі керек, - дейді Виктор Мамашев.

Еске салайық, шешуші тур алдында павлодарлық волейболшылар үздік үштікке жақындаған болатын. Бірқатар тартысты матчтардан кейін Сергей Грибовтың шәкірттері ерлер командалары арасындағы Ұлттық лиганың аутсайдерлеріне қарсы екі кездесу өткізді. Бұл жолы павлодарлықтар жеңіске жете білді.

Төртінші тур ойындары 17-23 ақпан аралығында «Баянтау» спорт сарайында өтеді. Павлодарлықтар қатысатын барлық ойындар 18:30-да басталады. Команда бес ойын өткізеді. Алғашқы ойын 17 ақпанда «Таразға» қарсы өтеді.