Павлодарлық кәсіпорындарға жазда жасөспірімдерді жұмысқа алу ұсынылады

Павлодарлық кәсіпорындарға жазда жасөспірімдерді жұмысқа алу ұсынылады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мұндай пікірді «Атамекен» палатасы білдірді, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел халқына Жолдауында жариялаған Жұмысшы кәсіптерінің жылын іске асыруға байланысты кәсіпкерлерге жүгінеді. 16-18 жас аралығындағы жастарды жұмысқа орналастыруды ұсынады.

– Облыстың еңбек ұжымдарында тоғызыншы-оныншы сынып оқушыларын жазғы демалыс кезеңіне жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз, – дейді Павлодар облысы «Атамекен» палатасының директоры Ерқанат Әбенов.

Еске сала кетейік, Премьер-Министр Олжас Бектенов жұмыс сапары аясында «Түсті металлургия жоғары колледжінде» болып, ТжКБ саласындағы бастамалардың жүзеге асырылу барысын тексерген болатын.  Сапар барысында Премьер-Министрге өңірдегі өнеркәсіптік кәсіпорындарға қажетті мамандардың біліктілік картасы ұсынылды. Сонымен қатар, жас мамандарды жұмысқа орналастыру және тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Осы мақсатта облыста «Жаңа кәсіптер атласы» енгізіліп, «Колледждер мен ERG компаниясының альянсы» құрылуда.