Павлодарда арзандатылған дизель отынына өтінім қабылдау басталды
Шаруаларға қажетті жанармай көлемі бекітілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биыл мал азығын әзірлеу және күзгі дала жұмыстарын жүргізуге 31,7 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны қарастырылды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, жанармай көлемі айлар бойынша бөлінген. Атап айтқанда, шілдеде – 8,8 мың тонна, тамызда – 12,6 мың тонна, қыркүйекте – 5,6 мың тонна, қазанда 4,7 мың тонна беріледі.
– Операторлық қызметтер есепке алынбағандағы мұнай өнімінің бағасы тоннасына 300 285 теңгені, ал литріне 252 теңгені құрайды, – деп хабарлады басқарма мамандары.
Әлеуетті жеткізуші ұйым басшысы немесе оның өкілетті өкілі қол қойған өтінімдер басқарма кеңсесі арқылы электронды тасымалдағышпен (USB-жинақтаушы) немесе кеңсенің электрондық поштасы арқылы қабылданады.
Конкурсқа қатысу үшін өтінімге қолданыстағы талаптарға сәйкес қажетті құжаттар пакеті қоса тіркеледі. Жанармай жеткізуші ұйымдарды іріктеуге ниетті қатысушылар өтініммен бірге баға ұсынысын ұсынады. Онда дизель отынын сатып алу, тасымалдау, сақтау және жеткізу қызметтері үшін белгіленетін үстемеақы көрсетіледі.
Сондай-ақ олар Қазақстанның ішкі нарығында мұнай өнімдерін кемінде екі жыл өткізу тәжірибесін растайтын құжаттарды тапсырады. Үміткерлер қажетті көлемдегі отынды сатып алуға жеткілікті қаржысы немесе несие қаражаты бар екенін дәлелдейтін анықтамаларды ұсынады. Олар мерзімі өткен банк және салық берешегінің жоқтығын растайтын мәліметтерді де береді.
Сонымен қатар, мұнай базасына немесе резервуарларға иелік ету не жалға алу құқығын растайтын құжаттар тапсырылады. Олардың техникалық жай-күйі мен жабдықталуы жөніндегі ақпарат көрсетіледі. Құжаттар тізіміне есепке алу бақылау құрылғыларының бар екенін растайтын мәліметтер де қамтылады.
Демалыс және мереке күндері жанармай босатуға дайындық туралы хат, ауыл шаруашылығы өндірушілеріне жеткізуге арналған бензин тасымалдаушы көлік құжаттары қоса тіркеледі.
Құжаттар қатарында мұнай базаларының орналасу сызбасы және электрондық шот-фактуралар жүйесіндегі «Виртуалды қойма» модулін қолдануды растайтын құжаттар болады.
Ал дизель отынын ресурсты тікелей жеткізушіден өздері сатып алуды жоспарлаған ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер әлеуетті жеткізушілерге арналған кейбір құжаттарды тапсырудан босатылады.
Арзандатылған жанармай жеткізушілерін анықтайтын комиссия отырысының өтетін күні, уақыты мен орны кейінірек хабарланады.