Павлодарда жастар жеңілдікпен 5 млн теңгеге дейін шағын несие ала алады
Несиенің сыйақы мөлшері жылына 2,5% құрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова Instagram парақшасында мәлімдеді.
- Наурыз айынан бастап жастар үшін сыйақы мөлшері жылына 2,5% құрайтын жеңілдетілген шағын несиелер беру үшін құжаттарды қабылдау басталды. Бизнес түрлеріне шектеулер жоқ. Микрокредиттің мөлшері 5 млн. тг. дейін, - деді ол жазбасында.
Жаңадан кәсіп бастағысы келетін жастарға кез келген бағыт бойынша несиені беру мерзімі 5 жылға дейін. Ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін несие мерзімі 7-жыл.
- Мұнда несие алу мерзімінің 1/3 бөлігі оны өтеудің жеңілдікті кезеңі болып саналады. Несиеге қол жеткізу үшін жастардың жылжымалы және жылжымайтын мүлік түріндегі кепілдігі болуы шарт. Егер кепілдік болмаған кезде кепілдікке жақын туыстарының мүлкін қоюға болады, - деп түсіндірді ол.
Микрокредиттер "Аграрлық несиелік корпорация" АҚ арқылы беріледі.
Айта кетелік, несие 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарға беріледі.
Құжаттар тізбесі бойынша ақпарат алу үшін: Павлодар қаласы, Луговая көшесі, 16 мекен-жайындағы ғимараттың 5-қабаты, 502-кабинетіне жүгінуге болады.
Анықтама үшін телефон: 8 (7182) 70-38-20.
Немесе мына сілтеме арқылы ақпарат алуға болады @agrocredit_kz