Павлодар облысында ауыл шаруашылығы бойынша заңбұзушылықтар анықталды

Павлодар облысында ауыл шаруашылығы бойынша заңбұзушылықтар анықталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұзушылықтардың сомасы 700 миллионнан асып кеткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаменті 2025 жылдың басынан бері сегіз жоспарлы тексеру жүргізіп, нәтижесінде бес мыңнан астам заңбұзушылықты тіркеген. Осыған байланысты 15 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

– Мысал ретінде, Павлодар облысының Ауыл шаруашылығы басқармасында жүргізілген тексеруді келтіруге болады. Нәтижесінде мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерінің бұзылғаны, атап айтқанда, фермерлерге субсидиялардың уақтылы төленбеуі анықталды. Департаменттің араласуымен 68 өтініш бойынша азаматтардың құқықтары қалпына келтіріліп, жалпы сомасы 767 млн теңгеден астам субсидия төленді, – деді департаменттің баспасөз қызметі.

Ведомство мамандары ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді қолдау саласындағы бұзушылықтардың өндірістік циклдердің бұзылуына әкеп соғатынын атап өтті.

Айта кетейік, департамент қызмет алушыларға арнап 8 (7182) 20-85-06 нөмірі бойынша сенім телефонының жұмыс істейтінін хабарлайды.