Павлодарлықтардың тұрғын үй мен көлік үшін салық берешегі қанша
Тұрғындарға салық төлеу үшін бір ай мерзім беріледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Ерболат Ғаббасов мәлім етті.
– Тұрғындар 1 сәуірге дейін міндетті салықтарды толығымен төлеуі тиіс екені ескертіледі. Салықты кешіктірген жағдайда бір ай уақыт береміз. Осы мерзімде салық төленбеген жағдайда салықтық бұйрық жариялап, бес күндік Push-хабарлама жібереміз. Мұндай жағдайда ескертуге де немқұрайлық танытса, мәселені сот арқылы шешуімізге тура келеді, – дейді Ерболат Ғаббасов.
Басқарма басшысының айтуынша, өңір тұрғындарының салық бойынша берешегі 653 миллион теңгеге жеткен. Оның басым бөлігі – көлік салығы. Бұл сома 580 миллион теңгені құрайды. Ал тұрғын үй салығы – 73 миллион теңге.
Жалпы берешектің 90%-дан астамы облыстың үш қаласының тұрғындарына тиесілі. Мәселен, Павлодарда 7000-нан астам салық төлеушінің 450 млн теңгеге жуық, Екібастұзда – 300-ден астам жеке тұлғаның бюджетке 46 млн теңгеге жуық және Ақсуда – 865 салық төлеушінің 41 млн теңгеден астам бюджетке берешегі бар.
Салық бойынша аудандар арасында Павлодар ауданы тұрғындарының берешегі басым – 11 500 млн теңге, Успен ауданында – 10 млн теңгеден астам.
Естеріңізге сала кетейік, жеке тұлғалардың 2022 жылға көлік құралдарына салық төлеуі 2023 жылғы 1 сәуірден кешіктірілмейтін мерзімде жүргізіледі.
Мақсат Көлтайұлы