Павлодарда балалар ойын алаңдарындағы топырақтан келер қауіп жоқ

Павлодарда балалар ойын алаңдарындағы топырақтан келер қауіп жоқ
Фото: Константин Шелков

Арнайы қызметкерлер сараптама өткізген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнар Ақылбекова мәлімдеді. 

–  Біз тек балалардың ойын алаңдарын ғана емес, адам көп жиналатын жерлерді, қоғамдық орындарды, демалыс орындарында тексеру, зерттеу жұмыстарын жүргіземіз. Ойын алаңдарынан 858 сынама алынды, зерттеулер оң нәтижесін көрсетті, яғни зиян жоқ. Алдағы уақытта тағы да зерттеу жұмыстарын жүргізетін боламыз, –  дейді Гүлнар Ақылбекова.

Спикер мұндай шаралар   ауыр металлды тұздардың құрамын зерттеу бойынша микробиологиялық, санитарлық-химиялық, паразиталогиялық көрсеткіштерді анықтау екенін атап өтті.

– Сондай-ақ өңірдегі сулардан 2375 сынама алынды, оның 109 сынамасы нормаға сәйкес болмай шыққан. Санитарлық-химиялық, микробиологиялық көрсеткіштер бойынша сәйкессіздік Ақсу, Павлодар қалаларының ауылдық аймақтарда, Железин, Успен, Ақтоғай, Май, Аққулы және Тереңкөл аудандарында тіркелді, – деді Гүлнар Ақылбекова.

Сондай-ақ,  2023 жылдың ағымдағы кезеңіне дейін атмосфералық ауаның 5027 сынамасы зерттелген. Оның 1,8 пайызы шекті рұқсат етілген концентрация нормасынан асып кеткен.