Екібастұзда дәрігерлерге киберқылмыстан қорғану жолдары түсіндірілді

Екібастұзда дәрігерлерге киберқылмыстан қорғану жолдары түсіндірілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Полиция медицина қызметкерлерімен кездесіп, алаяқтық схемалар мен қауіпсіздік мәселелерін талқылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Полицейлер банк шоттарынан ақша ұрлауға бағытталған заманауи алаяқтық тәсілдер туралы айтып, өзін банк қызметкері немесе мемлекеттік орган өкілі ретінде таныстыратын алаяқтардың әрекеттеріне ерекше назар аударды.

– Мұндай шаралардың мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Біз адамдарды алаяқтардың айла-тәсілдерін тануға үйретіп, ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстар санын азайтуды көздейміз, – деді Павлодар облысы Екібастұз қалалық полиция басқармасының бастығы Төлеген Құдайбергенов.

Кездесу барысында медицина қызметкерлеріне Қылмыстық кодекске енгізілген соңғы өзгерістер де түсіндірілді. Атап айтқанда, IT-технологияларды пайдаланып жасалған алаяқтық үшін жауапкершілік күшейтілгені айтылды.

Сондай-ақ жедел шақыртулар кезінде медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі мәселесі қозғалып, олардың жұмысына кедергі келтіру немесе күш қолдану заңмен қатаң жазаланатыны ескертілді.