Павлодарда белгілі суретшінің жаңа кітабы таныстырылады

Кітапта 1970-1971 жылдары Отырар қалашығында жүргізілген экспедиция сипатталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
14 наурыз күні сағат 11:00-де С. Торайғыров атындағы Павлодар облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі суретші және Қазақстан Республикасы Өнер академиясының академигі Виктор Поликарповтың «Идущему на Восток. Записки художника» атты кітабының тұсаукесері өтеді.
Шарада автор өз еңбегі жайлы баяндап, қатысушылармен еркін сұхбат құрады. Сонымен қатар, кітаптың алғысөзін жазған журналист Юрий Поминов та пікір білдіреді. Көрмеге суретшінің Отырар мен Әл-Фараби тақырыбындағы графикалық жұмыстары қойылады.
– Аталмыш еңбек 1970-1971 жылдар аралығында Қазақ КСР Ғылым Академиясының Отырар қалашығында жүргізілген экспедицияның ең қызықты әрі маңызды сәттерін сипаттайды. Сонымен қатар, ғылыми экспедиция барысында табылған құнды жәдігерлер, аймақтың табиғи-ландшафтық ерекшеліктері, сәулет және археологиялық ескерткіштері, көне Шығыстың қасиетті орындары мен белгілі тарихи оқиғалармен байланысты киелі мекендер туралы баяндалады, – дейді ұйымдастырушылар.
Ұйымдастырушылар өнер мен тарихқа қызығушылық танытатын павлодарлықтарды тұсаукесерге қатысуға шақырады.