Павлодарда «Музей түні» кезінде тарих тірілді

Павлодарда «Музей түні» кезінде тарих тірілді
Фото: Константин Шелков

Келушілер кеште тарихи атмосфераны сезінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Г.Н.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейі мен мультимедиялық «Ertis» музейі Халықаралық музейлер күніне орай ерекше форматтағы «Музей түні» шарасын өткізді. Биылғы шара барысында келушілер тарихи кейіпкерлермен кездесіп, мифология әлеміне саяхат жасап, түрлі дәуірлер атмосферасын сезінді.

Г.Н.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде түнгі экскурсиялар театрландырылған форматта ұйымдастырылды. Музей қызметкерлері, студенттер мен оқушылар тарихи образдарға еніп, келушілерге өңір тарихын сахналық көріністер арқылы таныстырды. 

Экскурсиялық-бұқаралық жұмыс бөлімінің жетекшісі Анастасия Щеглованың айтуынша, биыл ұйымдастырушылар «Музейдегі түн» фильмінен шабыт алған.

Түнде экспозициялар жанданып, ғимарат аңыздары тірілді. Келушілер көпестер, көшпенділер мен тарихи тұлғалармен кездесуге мүмкіндік алды. Кейіпкерлерді мектеп оқушылары мен студенттері сомдайды. Осылайша, біз павлодарлықтардың түрлі дәуір атмосферасын сезінгенін қаладық, - деді ол.

Музей залдарында Артемий Деров, Абдулфаттах Рамазанов секілді тарихи тұлғалар бейнеленіп, 1954 жылы тың игерушілердің Павлодарға келуі сахналанған. Экскурсиялар адамзат пайда болғанға дейінгі кезеңнен бастап Тәуелсіздік дәуіріне дейінгі тарихты қамтыды.

Ал мультимедиялық «Ertis» музейінде «Музей түні» «Уақыттың бұзылуы» тақырыбымен өтті. Шара барысында бірнеше тарихи кезең бір кеңістікте тоғысып, жәдігерлердің «тірілуі» концепциясы ұсынылды.

Музей бөлімінің жетекшісі Айзада Бектемісованың сөзінше, келушілер түркі және қазақ мифологиясындағы жоғарғы, орта және төменгі әлем туралы мәлімет алды.

«Уақыттың бұзылуы» идеясы - музейде барлық дәуір араласып, тарих сөйлей бастайды дегенді білдіреді. Бір залда бірнеше кезеңнің кейіпкерлері қатар кездесуі мүмкін. Біз Павлодар өңірінің тарихына қатысты барлық тақырыптарды қамтуға тырыстық, – деді маман.

Шара барысында қонақтар антика дәуірін, неолит пен палеолит кезеңдерін, көне өркениеттерді және мифологиялық кейіпкерлерді тамашалады. Экскурсияларды блогерлер, журналистер мен медиа өкілдері жүргізді.